Президент Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскиймен әңгімеде Қазақстан халқының Украина тарихына, мәдениеті мен тіліне құрметпен қарайтынын жеткізді деп жазады Ertenmedia.
Ол қақтығыс басталғалы бері Қазақстанның ұстанымы өзгермегенін еске салды:
Астана әділеттілікке негізделген тұрақты бейбітшілікті қолдайды.
Қазақстан БҰҰ Жарғысының орындалуын, мемлекеттердің шекараы мен аумақтық тұтастығының бұзылмауын басты қағида санайды.
Тоқаев қазіргі күрделі жағдайда салмақты әрі ақылмен әрекет етудің маңызы зор екенін айтты.
Оның пікірінше, ең басты міндет Украинаның мемлекет ретінде сақталып қалуына кепілдік беру.
Ол қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аудару керектігін ескертіп, аумақтық дау-дамайдың тіпті уақытша келісімдердің де жүзеге асуына қиындық туғызатынын атап өтті.
Екі ел басшысы өзара тиімді бағыттар бойынша Қазақстан мен Украина қарым-қатынасының алдағы перспективасын да талқылады.
Бұдан бір күн бұрын, яғни 8 тамызда Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен де телефон арқылы сөйлескен еді. Әңгіме барысында Путиннің Трамптың арнайы өкілімен кездесуі және Украина мәселесін шешудің жолы сөз болған.
Сарапшылар Тоқаевтың бірер күннің ішінде екі жақпен де тілдесуін ақылды дипломатиялық қадамның көрінісі деп бағалауда.
Қазақстан қос тараппен де ортақ тіл табыса білетінін аңғартты, бірақ халықаралық құқық пен елдердің аумақтық тұтастығын қорғау ұстанымынан еш айнымайтынын да нақты көрсетіп отыр.