Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен жабық форматта кездесті.
Жүздесу екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілгенін тағы бір рет айғақтады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент кешенінде өткен кездесу барысында Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан да болды. Жиын екіжақты байланыстарды нығайтуға арналды.
Әңгіме барысында тараптар Анкара мен Астананың сыртқы саясатын үйлестіру және көпжақты әріптестікті күшейту мәселелеріне басымдық берген екен.
Кездесудің Қазақстан-Түркия бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының 8-ші отырысымен тұспа-тұс келуі кездейсоқ емес. Аталған формат екі ел арасындағы үйлестірудің негізгі тетігіне айналып үлгерген.
Ердоған өз тарапынан түркі интеграциясын күшейте түсуге мүдделі екенін шегелеп айтқан екен. Көшербаев өз кезегінде Ердоған мырзаға Қазақстан президентінің сәлемін жолдап, Ақорданың маңызды месседжімен бөлісіпті.
Экономикаға екпін берген бауырластар
Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын басты бағыт экономика. Астана бүгінде Түркияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. 2025 жылдың он бір айының өзінде өзара сауда көлемі 8,95 миллиард долларға жетті.
Бұған қоса Қазақстан Түркияға мұнай жеткізетін басты мемлекеттердің үштігіне кіреді.
Еліміз тек шикізат экспорттаумен шектелмей, энергетикалық логистика мен баламалы энергия көздері бойынша да Түркиямен бірлескен жобаларды белсенді іске асыруда.
Түріктер де қарап отырған жоқ
Түркияның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы да өте ауқымды. Қазір елімізде 3000-нан астам түрік компаниясы жұмыс істейді. Түрік инвесторларының Қазақстанның мұнай-газ саласынан тыс экономика секторына салған жалпы инвестициясы 5,8 миллиард долларға жуықтап қалды.
«Бұл Анкараның Қазақстанның ұзақмерзімді дамуына сенімді әріптес екенін көрсетеді және екі елдің әріптестігі тек шикізатпен шектелмейтінін дәлелдейді», — дейді осы тұста сарапшы Нұрлан Жұмахан.
Осылайша, Анкарадағы кездесу екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің келешегі зор екенін тағы да паш етті. Түркия мен Қазақстан экономикалық тұрғыдан да, саяси ынтымақтастық жағынан да аймақтағы маңызды әрі сенімді серіктестер екенін нақты көрсетті.
Мұндай жабық форматтағы кездесулер Кремльге ұнай бермейді. Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген танымал сарапшы Ақорданың Мәскеуден біртіндеп алыстап жатқанын мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

