Жамбыл облысында 57 лауазымды тұлға жолдарды дұрыс күтіп ұстамағаны үшін жауапқа тартылды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдың алғашқы екі айында Жамбыл облысының жол-техникалық инспекциясы қызметкерлері жалпы ұзындығы 5 мың шақырым жолда 668 тексеріс жүргізді. Тексерістер нәтижесінде облыс аумағындағы тасжолдардан 2709 ақау анықталды.
Жол мекемелерінің басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға бұл кемшіліктерді жою жөнінде 668 ұйғарым жіберілді.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Азамат Бақытұлының айтуынша, жолдарды дұрыс күтіп ұстамау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу бойынша 57 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, жол-техникалық инспекциясының нұсқамаларын орындамағаны үшін автомобиль жолдарын күтіп ұстауға жауапты жеке мердігерлік мекеменің лауазымды тұлғасы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.