Қазақстанда газ құю бекеттері мен автокөліктерге газ толтыру талаптары күшейтіледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжіліс «газбен жабдықтау және газды тиімді тұтыну жөніндегі» заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, елдегі 3 мың газ құю бекетінің 90 пайызы газ сақтау ыдыстарын жер үстінде ұстайды. Осындай станцияда өткен жылы Түркістан мен Атырауда болған жарылыстар адам өліміне әкелген-ді.
Осыны ескере отырып, заңға мынадай маңызды өзгерістер енгізілді:
- жаңа газ құю станцияларының сыйымдылықтары міндетті түрде жер астына орналастырылады;
- жұмыс істеп тұрған станцияларға сыйымдылықтарды жер астына көшіру үшін 2031 жылдың 1 қаңтарына дейін уақыт беріледі;
- ресми белгіленбеген орындарда автокөліктерге және тұрмыстық газ баллондарына газ құюға тыйым салынады.
Жаңбыршиннің пікірінше, түзету автогаз нарығын реттеп, оның қауіпсіздігін арттыру үшін қажет.
«Өткен жылы Қазақстанда сұйытылған газға сұраныс 2 млн тонна болған. Ал өндірілгені небәрі 1,8 млн тонна. Газ тапшылығы бүгіннің өзінде байқалып отыр. Жағдайдың ушығуына автогаз бекеттерінің бақылаусыз көбейгені де әсер еткен», — дейді мәжілісмен.
Айтуынша, осы себепті өңір әкімдеріне газ құю бекетінің санын шектеу құқығын беру қажет.
Депутаттың пайымдауынша, осы шара стратегиялық ресурс саналатын сұйытылған мұнай газын әділ, қауіпсіз әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кетелік, бұған дейін Жаңбыршин атышулы ЛҒБТ-ға тыйым салып, маңызды заңды қабылдауға бастамашы болған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

