2025 жылдың алғашқы алты айында Астанаға келген туристер саны 750 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артқан. Соның ішінде 180 мыңнан астамы – шетелден келген қонақтар. Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ пен Германиядан ағылған туристердің көптігі елорданың халықаралық деңгейде тартымдылығын айқындап отыр. Бұл жай ғана статистика емес, Астананың мәдениет, спорт, медицина, инновация және іскерлік орталыққа айналып келе жатқанын дәлелдейтін маңызды көрсеткіш, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қазір жүздеген туристік нысандарымен мақтана алады. Театрлар мен мұражайлар, галереялар мен мешіттер, спорттық кешендер мен мәдени орталықтар қонақтарға есігін айқара ашып отыр.
Қала қонақтарының ыңғайына сай заманауи инфокиоск жүйесі, экскурсиялық қызметтер, жеті тілде қызмет көрсететін Taxi Point терминалдары енгізілген. Бұл жүйе елордаға келген туристердің қаланы еркін аралап, өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасап отыр.

Экскурсиялық бағыттардың көбеюі де Астананың жаңа қырын ашты. Биылдың өзінде 50 кәсіби гид арнайы курстан өтіп, елорданың тарихы мен мәдениетін таныстыруға дайындық алды. Қытайдан келетін қонақтар үшін қытай тілін меңгерген экскурсоводтар даярланды. Бұл – Астананың тек жергілікті емес, халықаралық туризмге бағдарланғанын көрсететін айқын белгі.
Мәдениет пен спорттағы ірі шаралар да туризмнің өсуіне ықпал етіп келеді. Мәселен, Jennifer Lopez пен Backstreet Boys концерттері қалаға он мыңдаған турист әкелді. Әлемнің қырықтан астам елінен келген қонақтар Астананың мәдени орталық ретіндегі мәртебесін нақты сезінді. Ал Mastercard деректері бойынша, шетелдік туристің орташа тәуліктік шығыны 118 мың теңгеге жеткен. Бұл елордаға келушілердің жоғары экономикалық үлес қосып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, өнеркәсіптік туризмнің дамуы – Астананың ерекше бастамасы. Туристер зауыт-фабрикаларды аралап, елорданың өндірістік тарихымен және қазіргі инновациялық әлеуетімен танысып жүр. Оған қоса, білім беру туризмі шеңберінде 12 мыңнан астам оқушы мен студент мамандық таңдауға бағытталған экскурсияларға қатысып үлгерді. Бұл – туризмді тек демалыс емес, білім мен тәжірибе алмасу алаңына айналдырудың бір мысалы.

Жаңа бағыттардың ішінде гольф-туризм де бар. Қала алғаш рет халықаралық деңгейде гольф алаңы ретінде ұсынылып, Үндістаннан келген туроператорларға таныстырылды. Ал медициналық туризм саласында онкология, кардиохирургия және репродуктивті медицина бағыты бойынша мыңдаған шетелдік пациент сапалы қызмет алып отыр.
Цифрлық шешімдердің кеңейіп, халықаралық платформалар арқылы Астананың нысандары қолжетімді болуы, Astana Pass картасының енгізілуі – елорданың заманауи, технологиялық қалаға айналғанын айғақтайды. Туризмнің бұл қарқыны Астананы Орталық Азиядағы ең ірі туристік хабқа айналдыруға жол ашып отыр.