Қазақстанның жер қойнауын зерттеу ісі түбегейлі өзгереді. Осы саладағы инвестициялық саясатқа жаңа тыныс беретін заң жобасы Мәжіліске келіп түсті, деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин құжаттың президенттің Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді орындауға бағытталғанын атап өтті.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2026 жылға қарай елімізде геологиялық және геофизикалық зерттеу жүргізілген аумақ көлемі қазіргі 1,5 млн шаршы шақырымнан кем дегенде 2,2 млн шаршы шақырымға жетуі тиіс.
Қазір Қазақстан мұнай-газ өндірісінде негізінен үш кен орны Теңіз, Қашаған мен Қарашығанаққа ғана тәуелді. Өзге кен орындары сарқыла бастаған. Сондықтан жаңа мұнай-газ қорларын табу тек экономикаға қатысты емес, елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе.
Комитет төрағасы еліміздің жер қойнауындағы болжамды отын ресурстары 2012 жылға дейін 22,7 млрд тоннаға бағаланған болса, кейінгі зерттеу нәтижесінде осы көрсеткіш 76 млрд тоннаға дейін өскенін айтты. Оның 70 млрд тоннадан астамы Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде орналасқан. Ал қалғаны зерттелуі аз, бірақ келешегі зор аумақтарда шоғырланған.
Алайда бүгінгі күні Қазақстанның геологиялық барлау саласына салынатын инвестиция көлемі дамыған елдермен салыстырғанда тым төмен. Мысалы, елімізде 1 шаршы шақырым аумаққа бар болғаны 8 АҚШ доллары бөлінсе, АҚШ-та 87 доллар, Австралияда 167 доллар, Канадада 203 доллар жұмсалады.
«Инвесторлар жоғары тәуекелмен жұмыс істейді. Егер заң мен мемлекет инвесторға сенімді кепілдік бермесе, ешкім жаңа аумақты зерттеуге тәуекел етпейді. Сондықтан осы заң жобасында инвестордың мүддесін толық қорғауға басымдық берілген», – деді комитет төрағасы.
Заң жобасындағы негізгі жаңалыққа тоқталған Еділ Жаңбыршин бірнеше өзгерісті ерекше атап өтті.
Бірінші кезекте, аз зерттелген аумақтарға анықтама беріледі. Яғни, бұрын геологиялық зерттеу жасалмаған немесе жасалса да нақты перспективасы белгісіз аумақтар «аз зерттелген аумақтар» деп танылады.
Екіншіден, инвестор енді өз қаражатына осындай аз зерттелген аумақты геологиялық зерттеуден өткізсе, сол аумақты кейін өндіруге басым әрі кепілді құқық алады. Ол үшін инвестор алғашқы 3 жыл ішінде аумақтың кемінде 30 пайызын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізуі тиіс.
Үшінші өзгеріс көмірсутегі бойынша резервке алынған аумақтарды тиімді пайдалану талабы күшейтіледі. Қазіргі таңда ұлттық компанияларға 53 учаске резервке алынғанымен, соның 20 пайызы ғана игеріле бастаған. Енді қалған аумақтар белгілі мерзім ішінде игерілмесе, электрондық аукцион арқылы нарыққа шығарылып, жаңа инвесторға ұсынылады.
Төртінші өзгеріс уран өндіру саласындағы ұлттық компанияға басымдық беріледі. Әлемдік нарықта уранның маңызы қайта күшейе бастады. Сол себепті уранды барлау және игеруде ұлттық компанияға ерекше құқық беру стратегиялық тұрғыдан маңызды шешім.
«Заң жобасын қабылдасақ, геология саласына 1 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция тартылады. Аз зерттелген аумақтардың әлеуеті ашылып, нарықтағы бәсеке күшейеді. Геологиялық барлау мен кен өндіру арасындағы алшақтық қысқарып, ресурстарды өндіріске жылдам енгізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ уран өндірісіндегі ұлттық компанияның нарықтағы үлесі артады», – деді Еділ Жаңбыршин.
Комитет төрағасы сөз соңында әріптестерін Тоқаевтың стратегиялық тапсырмасын орындауға шақырып, заң жобасын қолдауды сұрады.
«Базарбек кодексі»: Құрылыс компаниялары үшін жайлы заман бітті