Елімізде ерекше дарынымен, зияткерлік қабілеттерімен ерекшеленіп, топ жарып жүрген талантты балалар өте көп. Олар білім мен ізденіс жолында үлкен жетістіктерге жетіп, жаңашылдықтарымен таңғалдырудан жалыққан емес, деп жазады Ertenmedia.kz.
Дарынды балалар
Алматыдағы №79 гимназия оқушысы Дана Қадырбек Су ресурстары және ирригация министрлігімен меморандум жасады. Дарынды зерттеуші атмосфералық ылғалды жинайтын инновациялық құрылғы ойлап тауып, оны пилоттық режимде сынақтан өткізу туралы келісімге қол қойды. Жоба заманауи наноматериалдарға және энергия тәуелсіз технологияларға негізделген, бұл оны су тапшылығы бар өңірлер үшін маңызды шешімге айналдырады. Дананың өнертабысы халықаралық сайыстарда жоғары бағалануда.
Ал Павлодарлық 7-сынып оқушысы Имран Кусанов Республикалық ауылдық олимпиадада информатика пәні бойынша 1-орын иеленді. Айта кетерлігі, Имран 7-сыныпта оқыса да, 9-сынып оқушыларымен қатар додаға түсіп, жоғары деңгей көрсеткен.
Оқушы бастауыш сыныптарда оқып жүрген кездің өзінде компьютерлерге, математика мен технологияларға қызығушылық танытқан. Информатика да оның ізденіс объектісі болды. Имран:
– Олимпиадаға қатысу мен үшінмаңызды тәжірибе болды. Әр кезең маған жаңа нәрселер үйретті. Тапсырмалар күрделі болды, әсіресе алгоритмдерді терең түсінуді және жылдамбағдарлануды талап ететіндері. Бірақ дәл осындайтапсырмалар менің дамуыма ықпал етті. Маған ең маңыздысы – информатика пәнінің мұғалімі, меніңтәлімгерім Соян Ертайдың жетекшілігімен жасағанеңбегімнің жоғары нәтижеге қол жеткізуі, – дейді.
Осы өңірдегі Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің ерекше оқушысы Әсел Абдурахимова он тіл меңгеріп, шынайы феноменге айналып отыр. Әселдің шет тілдерге бала кезінен басталды. Ол тоғыз жасында француз тілін өздігінен үйрене бастады, ал он бір жасында Павлодар қаласындағы алғашқы курсқа барды. Ағылшын тілін 2018 жылдан бері оқып келеді, бұл тіл бүгінгі таңда оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қытай тілін Әсел курстарда оқыды, қазір оны өздігінен жалғастырып, халықаралық HSK 3 деңгейі (B1) емтиханын тапсыруға дайындалып жүр.
Жеті елдің тілін білген оқушы
Ал өзбек, қазақ, орыс, испан, итальян және жапон (N4) тілдерін әлем мәдениеттеріне деген қызығушылығы мен түрлі халықтарды түсінуге деген ұмтылысының арқасында толықтай өз бетінше меңгерген. Бүгінде Әсел тәжік (ана тілі), өзбек (C1), қазақ (C1), орыс (C1), ағылшын (C2), француз (C1), қытай (B1), испан (A2), итальян (A2) және жапон (N4) тілдерінде еркін сөйлейді.
Түркістан облысындағы №3 Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектептің 2-сынып оқушысы Іңкәр Рахматулла құм мен пластик қалдықтарын пайдалана отырып, экологиялық тұрғыдан тиімді қыш түрін дайындауға бағытталған ғылыми-ізденіс жобасын әзірледі. Жетекшінің айтуынша, экологиялық қыш дайындау тақырыбындағы жоба бірнеше ай бойы жүйелі түрде зерттеліп келеді. Зерттеу барысында пластик қалдықтарын қайта өңдеудің тиімді тәсілдері қарастырылып, оларды құрылыс материалдарына балама ретінде қолдану мүмкіндігі зерделенуде.
Іңкәрдің тәжірибелік жұмысы қалдықтарды азайту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және баламалы құрылыс материалдарын табу бағытында маңызды үлес қоса алатын жаңашыл бастама ретінде бағалануда.
Жас физика
Ал елордалық оқушы көру қабілеті нашар және мүлде көрмейтін жандарға арналған ақылды көзілдірік ойлап тапты. Жас өнертапқыштың бұл жобасы көзі нашар көретін адамдарға күнделікті өмірде көшеде еркін қозғалып, түрлі кедергілерден сақтануға мүмкіндік береді. Ақылды көзілдіріктің басты ерекшелігі – адамның алдында бір метр қашықтықтан бастап кедергі пайда болғанда, алдын ала қазақ тілінде «Сақтаныңыз, алдыңызда кедергі!» деген дауыстық ескерту жасайды. Қуандық Әмірхан бұл көзілдірікті зағип жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрастырғанын айтады. Алдағы уақытта ол жұмыстың ауқымын кеңейтіп, басқа да нұсқамаларды енгізуді көздеп отыр.
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқырмектеп-лицейінде педагог кәсіби бағдар беруші болып қызмет атқаратын Назерке Жантаңатова «PROF-Guide» жобасын жасап шығарды. Жоба оқушыларға мамандық таңдау бойынша нақты және жүйеленген ақпарат ұсынып, ата-ана – маман – оқушы арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Онда кәсіби бағдарлау бойынша тесттержиынтығы, мамандық таңдауға арналған кеңестер, бейіндік пәндерге сәйкес мамандықтар, Қазақстандағы ЖОО және колледждер, жаңамамандықтар туралы нақты ақпараттар топтастырылған.
Сол секілді қазақстандық оқушылар әлемдік ареналарда туымызды желбіретіп, интеллектуалды сайыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, Астаналық оқушы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында «Үздік қыз қатысушы» атағына ие болды. Маңғыстау облысынан шыққан 10-сынып оқушысы Рамазан Бутантаев «Азия–Тынық мұхиты өңірінің үздік лингвисі» деп танылды.
Шығыс Қазақстан облысының оқушысы Алдияр Амангелді «Орталық Азияның үздік информатигі» атанды. Ал Маңғыстау облысының тағы бір өкілі Мендіғали Қалдыбай 40 елден келген қатысушыларды басып озып, химия пәні бойынша зертханалық жұмыстарда ең жоғары нәтиже көрсетті. Ол «Үздік практик» атағына ие болды. Астаналық НЗМ оқушысы Мұхтархан Батырхан экономикадан Халықаралық олимпиададан абсолют жеңімпаз атағын иеленді.

