2010 жылы патент алу бойынша әлемдегі рейтинг келесідей еді. Жапония бірінші орында, АҚШ екінші орында және Қытай үшінші орында тұрды. Қазір, Қытай бірінші орынға шықты. GenAI (ЖИ) саласындағы патент бойынша Қытай АҚШ-ты 9 есе басып озған. Бұл өткен жылғы дерек бойынша. Енді ғылыми публикация жасау деген бар. Ол бойынша Қытай мен АҚШ жарысып келеді, үшінші орында Ұлыбритания тұр.
Патент дегеніміз қандай да бір жаңашылдық қол жеткізу. Ғылыми публикация дегеніміз қандай да бір ғылыми ізденіс жасау деген сөз. Аталған көрсеткіштер бойынша Қытай қарқынды дамып жатыр. Яғни ғылымы дамып жатыр.
Кезінде «китайский» деген сөз, «сапасыз» деген синонимде айтылатын. Қазір бұл тек стереотип болып қалды. Яғни, Қытай нарығынан сапалы да, сапасыз да өнімді табуға болады. Қытай әлемдік нарыққа, базарға айналып кеткені қашан.
Бүгін Астанаға Қытайдың басшысы Си Цзинпинь келеді. Ұшағы қонды-ау деймін. Сапар барысында жоғары технологияны Қазақстанға әкелу жағы да талқы болуы мүмкін дейді кей ақпарат көздері. Біздің Қытайдан аларымыз көп қой. Мысалы, көлік құрастыру. Қытай бұл салада жылдам дамыды. Алматыда тас лақтырсаңыз қытай көлігінің кузовына тиеді. Ресейлік арзан, сапасыз көліктерді нарықтан ысырып жатыр. Қытайдың көліктерін бізде де құрастырып жатыр. Енді оның маркасы артуы ықтимал. Changan, Chery, Haval, Tank сынды маркалар көпшілікке таныс. Олардың сапа деңгейіне қатысты дау көп. Бірақ нарықтағы бағаны түсіруге әсер ететіні анық дейді мамандар. Оның үстіне құрастыратын зауытының технологиясы да жаңа болмақ.
Қытай ауыл шаруашылығына қажетті технологияларды дамытуда. О баста қандастар жаппай көшіп келе бастаған сәтте, кішкентай қытайлық тракторларды ала келді. Ол сәтте баламыз. Кейін ол тракторлар саны артты. Ауыл шаруашылығында көп қолданылды. Бұл ең қарапайым технологиялары еді. Қазір Қытайда тамшылатып суару, дронмен тыңайтқыш себу сияқты шешімдерді ұтымды пайдаланады. Әсіресе суару саласында біршама жетістікке жеткен. Бізде су үлкен мәселе. Дәстүрлі жолмен суарып, судың басым бөлігі топырыққа сіңіп жатыр. Мыңдаған тонна. Соны шешу үшін осындай елдерден жаңа технологиялар әкелу керек.
Еліміздің бірнеше университетінің базасында «Лу Бань шеберханалары» деген ашылды. Онда студенттерге озық автомобиль технологиялары оқытылады деседі.
Қытайдың әскери технологиясы да дамуда. Жақында Үндістан мен Пәкістан соғысты. Бірінші әуе шайқасында Үндістан бірден бес ұшағынан айырылды. Пәкістан әскері Қытайдың J-10C жойғыш ұшақтарын және қытайлық PL-15E зымырандарын қолданды. Бұл екеуін қазір әскери сарапшылар жоғары бағалауда. Бізге бұндай ұшақтар керек пе? Әлбетте керек. «НАТО ұшағын алу, F-16-ға қол жеткізу» деген әзірге іске аспайтын идеяны қою керек. Ол әзірге мүмкін емес. Кейін бәлкім сәті түссе алып қалармыз. Ал Қытайдың қаруын алуға болады деп ойлаймын. Мысалы Әзербайжан елі Пәкістан арқылы қытайлық ұшақтарды алды. Демек алуға болады деген сөз. Қару-жарақ паркін жаңартуда бұл бір мүмкіндік қой. Қазақстан алғашқы соққы жасайтын дрондарды осы Қытайдан әкелген.
Қытайға деген әр адамның көзқарасы әр қилы. Жек көр, жақсы көр, бейтарап бол. Бірақ бір дүние анық, олардың технологиясы қарқынды дамуда және мүмкіндік болса бізге олардан үйрену керек.
Асхат Қасенғали