Әлеуметтік желіде кішкентай қыздан “жын шығарып“ жатқан видео тарады. Бұл мәселе құзырлы органдардың назарын аудартты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Кадрларда ер адам қыздың есімін, жынысын, не үшін кіргенін, кім жібергенін, жасын сұрайды.
«19-дағы Ләззат, мың жылдықсың ба, жүз жылдықсың ба? Ішіңде нешеу?» — деп сұрайды ер адам кішкентай қыздан.
Видеода қыз сұрақтарға жауап беріп, жылап жатқаны көрінеді.
БАҚ пен желіде видеодағы емшінің есімі Кейқуат Оспанов екені айтылады. Желіде осы аттас парақшаның иесі болған оқиға туралы былай жазған: «Балабақшаға баратын қыз. Алматыда болған оқиға».
Сондай-ақ, осы парақшада қыздың анасымын деген әйелдің видеосы пайда болды.
«Алматы қаласында тұрамын. Қызымның жасы бесте. Қызымды Кейқуат ағаға өзім апардым, ол кісіні инстаграмнан көріп қалдым», — дейді видеода әйел.
Мәселеге Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді.
«Емші кәмелетке толмаған балаға рәсім жасаған бейнежазбаға қатысты. Аталмыш іс бойынша ІІМ, өңірлік уәкілдермен жұмыс істеп жатырмыз. Емшінің жеке басы мен баланың тұрып жатқан жері алдын ала анықталды. Ақпарат тексеріліп, мән-жай анықталуда», — деді ол.