Алматы облысындағы Қапшағай жағалауы мен Іле өзенінің бойында заңсыз берілген жер телімдері мемлекетке қайтарылды. Бұл жерлерді кезінде жоғары лауазымды шенеуніктер, елдің бұрынғы басшылығымен байланысы бар туыстар және ірі кәсіпкерлер иемденіп алғаны әшкереленді. Басында қарапайым халыққа жабық болып келген жағалаулардың бір бөлігі енді мемлекет қарауына өтіп, қоғамдық мақсатта пайдалануға жол ашылмақ, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қапшағай су қоймасы мен Іле өзені еліміз үшін табиғи әрі стратегиялық нысан. Осы аумақтар арнайы қорғалатын табиғи аймақ ретінде белгіленгеніне қарамастан, 2000 жылдардың басында кейбір шешімдермен жеке адамдар мен компанияларға гектарлап үлестірілген.
Ресми деректерде олардың ішінде аты-жөні көпшілікке таныс фамилиялар да бар екені жасырын қалған жоқ.
Айталық Құлыбаевтар әулетінің атына өткен 4,4 гектар жер телімі мен Болат Назарбаевтың атына тіркелген 1 гектардан астам аумақ соның дәлелі. Кейін бұл жерлер үшінші тұлғаларға сатылып, түрлі компаниялар арқылы айналымға түскен. Бірақ прокуратура мен сот шешімдерінің нәтижесінде аталған учаскелер мемлекет иелігіне қайта оралды.
Мәселенің түп-тамырына үңілсек, Қапшағай су қоймасының жағалау жолағы ресми түрде тек 2009 жылы ғана бекітілген. Ал оған дейін түрлі әкімшілік шешімдер арқылы жер үлестіру тыйымға қарамастан жүргізіле берген. Ақиқатында, суды қорғау жолағы – халықтың ортақ игілігі, оған құрылыс салуға немесе жеке меншікке беруге болмайды. Бірақ құзыретті тұлғалардың қолдауымен берілген шешімдерге қарап, бұл заңсыздықтың жүйелі сипат алғаны аңғарылады.
Тек Қапшағайда ғана емес, Алматы облысының өзге аудандарында да жерге қатысты қылмыстық әрекеттер тіркеліп отыр. Карасай ауданындағы Кемертоган ауылында 4,2 гектар жер телімі қолдан жасалған құжаттар арқылы жеке иелікке өтіп кеткен.
Мұнда тіпті лауазымды тұлғалардың мөрі мен қолтаңбалары жалған құжаттарға пайдаланылғаны анықталды. Қазір полиция бұл істі қылмыстық тергеу аясында қарастыруда. Бұл фактілер бір ғана ауданға тән емес, жер қатынастары саласындағы жалпы жүйелі мәселенің айқын көрінісі.
Жер халқымыздың ең үлкен байлығы, ал оның заңсыз үлестірілуі қоғамға жасалған қиянатпен тең. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған әділетті жер саясаты осыған дейін «бармақ басты, көз қысты» тәсілмен берілген телімдерді мемлекетке қайтаруды көздейді.
Бұқара үшін жағалау мен өзен бойының ашық болуы, демалыс пен туризмнің дамуына жағдай жасау – ел болашағына бағытталған маңызды қадам. Жаңа заңнамалық бақылаулар мен прокуратураның белсенді әрекеттері жер мәселесін әділ арнаға бұруға мүмкіндік беріп отыр.