Президент Тоқаевтың мем. басқару жүйесін жетілдіру туралы жарлығына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор) таратылып, оның функциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) берілді деп хабарлайды Ertenmedia.
Құжатқа сәйкес, ҰҚК құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ведомствосы құрылып, оған жедел-тергеу функциялары жүктеледі.
Жемқорлыққа қарсы саясатты әзірлеу, тәуекелдерді талдау және профилактикалық жұмыс Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тапсырылды.
Осылайша, бұған дейін жеке агенттік ретінде жұмыс істеп келген жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыреті екі ведомствоға тең бөлініп отыр.
Аталған екі ведомство біржолата тараған мекеменің құқықтық мұрагері ретінде белгіленді. Президент тапсырмасына сәйкес, үкімет осы өзгерістен туындайтын заң жобасын Мәжіліске 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұсынуы тиіс.
Президент әкімшілігі бұдан бөлек құқық қорғау органдарының жұмысындағы кемшілік мен олқылықтарға терең талдау жасап, оларды жою бойынша нақты талап қойған.
АП жарлықтың әр тармағының орындалуын қатаң бақылайды.
Айта кетелік, осыдан тура бір апта бұрын Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен жүздесіп, салаға терең әрі сапалы реформа қажет екенін айтқан.
«Бүгін біз кемшіліктер туралы толық ашып айтпадық. Бірақ бұл мәселелерді жан-жақты талқыладық. Бір апта ішінде арнайы құжат дайындалып, барлық құқық қорғау органдарына жіберіледі. Кейін осы құжатты жабық отырыста кеңінен қарастыратын боламыз», – деген еді Мемлекет басшысы сол жолғы кездесуде.