Жетісу облысында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, мемлекет қайраткері Әнуар Әлімжановтың 95 жылдығы аталып өтілді. Қаламгердің мерейтойында республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хаты оқылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Алакөл ауданы Қабанбай ауылына мерейтойлық шараға келген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ғалымдар, қаламгерлер, жалпы аудан жұртшылығы алдымен Ә.Әлімжановтың бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Бұдан әрі шара Қабанбай ауылдық мәдениет үйінде «Әлемге әйгілі Әнуар» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты. Мәдениет үйінің фойесінде музей экспонаттарынан және кітаптардан көрме ұйымдастырылып, Ә. Әлімжановқа арналған бейнефильм көрсетілді.
Конференцияны ашқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу жеріне қадам басқан көпшілікке «Қош келдіңіздей» дей отырып, алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Әнуар Әлімжанов – ұлт руханиятында айрықша орны бар жазушы. Ол шоқтығы биік шығармалар жазып, соңына мол әдеби мұра қалдырды. Адамгершілік құндылықтар, халықтар достығы және басқа да өзекті тақырыптарға қалам тербеп, оқырман қауымның шынайы ықыласына бөленді. Әл-Фараби, Махамбет сияқты тарихи тұлғалардың есімін ұрпақ жадында жаңғыртуға зор еңбек сіңірді. Жазушылар одағының абырой-беделін көтеріп, қазақ қаламгерлерінің халықаралық байланыстарын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Сондай-ақ Әнуар Әлімжанов әрдайым ел мүддесіне адал болған ұлт қайраткері», — делінген құттықтау хат көпшілікке білдірілген тілекпен аяқталды. Мерейтойға арнайы жолданған Президенттің осы құттықтау хаты мен ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының құттықтауы ауылдағы Қабанбай атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылды.
Конференция барысында Әнуар Әлімжановтың елдік мүдде жолындағы қарымды қайраткерлігі, жазушылық қыры, тұлғаларды танытудағы ерен еңбегі кеңінен баяндалды.
— Жазушылардың бәрі де еңбектенеді, бірақ көптің ішінен оза шауып, халықтың көңілінде, тарихтың жадында қалатын қайраткерлер көп емес. Әнуар Тұрлыбекұлы сондай айтулы азаматтардың қатарында. Ол — Әбу-Насыр әл-Фарабиді ортамызда алып келген тұлғалардың бірі. Ол кезде ғылыми, әдеби орта Ақжан Машани арқылы әл-Фарабиді танығанымен, жалпы қоғам толық біле қоймаған еді. Әнуар Әлімжанов оның тегі қыпшақ екенін, Отырар қаласынан шыққанын дәлелдеп, өмір жолын баяндайтын «Отырардан жеткен сый», «Ұстаздың оралуы» сияқты шығармаларын жазды. Алматыдағы даңғылға әл-Фараби есімінің берілуіне бастама көтеріп, оған көп еңбек сіңіргенін бүгінгі ұрпақтың біліп жүргені жөн, — деген Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы, бас баяндамашы Нұрдәулет Ақыш Әлімжановтың өзге де қырларына кеңінен тоқталды.
Сол сияқты филология ғылымдарының докторы, профессор, әнуартанушы Кәкен Хамзин жазушы шығармашылығының зерттелуі жайлы баяндады.
— Біз Әнуар Әлімжановты жекешелендіре алмаймыз, ол бүкіл қазаққа ортақ перзент, тіпті халықаралық кеңістікке аты кеткен аса көрнекті қайраткер. Біз оптимистпіз. Келешекте бұдан да салмақты халықаралық деңгейдегі іс-шара өтеріне мен кәміл сенемін, — деді ғалым.
Өз кезегінде ақын Ұлықбек Есдәулет жазушының халықаралық әдеби байланыстарды нығайтудағы рөліне тоқталды:
— Сол тұста Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжанов алдаспандай жарқылдады. Олжекең Махамбет туралы өлең, Әнуар аға проза жазды. Сол арқылы әлем Махамбеттің кім екенін білді. Мұнан соң Андрей Вознесенский Махамбетке өлең арнады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Бірінші Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов Азияға айқара жол ашты», — дейтін сөзі бар. Расында Әлімжанов КСРО-ның Азия, Африка жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, дәл осындай Еуропа жазушыларымен байланыс жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі болды. Бұл әлем әдебиетімен тікелей байланыс жасап отырған қазақтың өкілі деген сөз. Ол кісінің кезінде Азия, Африка елдері жазушыларының конференциясын Қазақстанда өткізуі де үлкен еңбектің жемісі, — деді Ұ. Есдәулет өз сөзінде.
Осы күні жазушының рухына арнап ас берілді.
Еске салсақ, Әнуар Әлімжанов 1930 жылы Жетісу облысы Қарлығаш ауылында туған. Қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, публицист. «Литературная газетаның» меншікті тілшісі, «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан республикалары бойынша «Правда» газетінің тілшісі, «Қазақфильм» студиясының, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы.