Біздің заманымызға дейінгі 3 ғасырда Қытайды бір орталыққа біріктірген Цинь Шы Хуан Дидің ірі реформаларының бірі аспан асты еліне біріккен патшалықтардың арасын жылдам жалғайтын жолдармен байланыстырғаны еді. Сол дәуірлерде Рим империясы да жол салу бастамаларымен адамзат тарихында Еуропаның бір тұтастануына бағыттады. Яғни, жол бұл ел аумағының экономикалық коммуникациясын дамытып, алға сүйрейтін негізгі факторлардың алдында болмақ.
Жаңа даму бағытын көздеген Президент Тоқаев былтырғы Жолдауында, жол жөндеуден бастаймыз деген уәдесімен көрінді, үміттендік. Бұған дейін кейбір облысаралық жолдар сын көтермейді, шұрық-тесік болғанын несіне жасырайық. Өтірік жамалған жол көктемде қармен бірге еріп кетеді. Бұл жайттар Президентке жетсе керек. Жол жөндеудегі жемқорлықты тоқтатып, сапаны бақылау қатаңдатылды.
Биыл 13 мың шақырымнан астам жол жөнделген. Жалпы, елдегі жол ұзындығы 96 мың шақырымдай болса, бұл әжептеуір көрсеткіш. Егер осы қарқынды сақтаса, Қазақстанда 7-8 жылда түгел жол тегістелмек, соған жеткізсін.
Тағы бір, жүрек ауыртар проблема Қызылорда мен Жезқазған жолы. Биыл бітсе жақсы, әйтеуір құрылысы аяқталуға тиіс. Біткен жағдайда, тура солтүстік-орталық аймақпен оңтүстік жағы жақындамақ, ары-бері жүретін көш, керуен күшеймек. Сыр елі жұрты Астанаға Алматыға барып келгендей жүреді. Ол күн де алыс емес.
Өткенде Шымкент жақтағы туннельден де өттік, ерекше құрылыс, осындайлар көп керек, тауларды айналып жүрмейтін. Бұқтырма көпірі де қолданысқа берілді. Екеуі де ерекше жер. Бірі елдегі ең ұзын туннель, екіншісі ең ұзын көпір.
Теміржолды ды айтпай кетуге болмас, құрылысы қызу жүріп жатыр. Көлік-логистика саласына тың серпін беруде. Биыл ішкі жалпы өнім 6 пайызға өссе, осы жол құрылысы ең көп өсімді көрсетті. Әсіресе, 2020 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен 0,8 млн тонна жүк тасымалданса, қазір 4,5 млн тоннаға тасымалдануда.
Жоғарыда тарихта болған мысалдарды келтірдік, тоқетері, жол мемлекеттің күретамыры. Елдің жағдайы жақсы болсын десек, әуелі жолды жөндеу керек. Биылдан бастап жол саласына ерекше көңіл бөлінген, құрылысы қарқынды жүргені дамудың даңғылына түскендіктің айғағы, лайым солай болғай…
Мақсат ЖАҚАУ