Ертеңгі Президент Жолдауына байланысты ел ішінде түрлі әңгіме желдей есуде. Саясаттанушы Ербол Еділов осыған қатысты көзқарасын білдірген екен.
Ertenmedia сарапшы пікірін қаз-қалпында ұсынады.
Саясат сахнасындағы соңғы күндердің дүрбелеңі алдағы Президент жолдауымен тұспа-тұс келді. Әдетте жаңа саяси маусымның беташары саналатын бұл шара биыл депутаттар сессиясынсыз, бөлек өтіп отыр. Мемлекет басшысы дәл сол кезде стратегиялық маңызы зор сапармен Қытайда болды.
Жолдаудың жыры бөлек, оны болжау мен долбарлау бөлек әңгіме. Алайда биылғы баяндама қарсаңында ақпарат алаңы аласапыранға айналып, жұрт назарын аудартқан тосын оқиғалар көбейді.
Оның ішінде Сыртқы істер министрі әрі вице-премьер Мұрат Нұртілеудің «қамауға алынғаны» туралы таңғаларлық хабар мен бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты қозғалған қылмыстық істің хикаясы ерекше көзге түседі.
Бұл екеуі бір-бірімен тікелей байланысты ма, жоқ па беймәлім. Бірақ, бір мезетте жарыққа шыққан мұндай «саяси ақпараттық дүмпудың» артында әлдекімдердің мүддесі тұрғаны анық.
Әсіресе, «Орда» порталының бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың таратқан ақпаратына жұртшылық жіті назар аударды. Оның ақ-қарасын анықтамай жатып, түрлі қауесеттің өршуі де кездейсоқ емес. Қалай десек те, мұның түпкі нысанасы Мұрат Нұртілеу екені байқалып тұр.
Нұртілеуге қарсы бағытталған шабуылдар әрқилы жорылып жатыр. Кейбіреулер «бұл болашақта Тоқаевтың орнын басуы ықтимал адамға жасалған шабуыл» десе, енді бірі «тікелей Президенттің өзіне жасалған қысым» деп есептейді.
Сол жағалауда желдей есіп жүрген сыбысқа сенсек, Жолдаудың мәтіні қайта қаралып, үлкен кадрлық ауыс-түйістерге жол ашатын өзгерістер күтілуде-мыс.
Жыл сайын қыркүйек-қазан айында саяси ауыс-түйіс үйреншікті құбылыс. Бұл Жолдауды орындау үшін де, саяси жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін де жасалатын қадам. Бірақ биылғы жағдай ерекше. Себебі, алдын ала жоспарланған кез келген кадрлық өзгеріс соңғы оқиға аясында басқаша бағаланатыны сөзсіз.
«Орда» таратқан ақпараттың астарында «Нұртілеудің Премьер-министр болуына жол бермеу әрекеті тұр» дейтін сарапшылар баршылық. Неге Премьер?
Себебі Мұрат Әбуғалиұлы сыртқы саясаттағы тәжірибесімен және елдің экономикалық-саяси тәуелсіздігін батыл қолдауымен көзге түсіп жүрген тұлға. Осыдан-ақ «бұл кімге тиімді?» деген сауалдың сұлбасы анық көріне бастайды.
Мүмкін, Гүлнәр Бажкенованың өзі де білместен біреудің жоспарын жүзеге асыруға атсалысып отырған шығар. Қанша жерден ресми түрде жоққа шығарылса да, ақпарат кеңістігінде жағымсыз із қалғаны анық.
Қалай болғанда да, ертеңгі Президент жолдауы елдегі саяси ахуалдың жаңа кезеңіне айналмақ. Кемелұлының сөздеріндегі емеурін мен астарды әркім әрқалай талқылайтыны тағы рас. Яғни басты интрига Президенттің айтқан сөзінен гөрі, ол сөздердің қоғамда қалай жорылып, қабылданатынында болмақ.
Бір анығы қазір біреулер жағдайды ушықтырып, астыртын ойын арқылы ұпай жинап жүр. Олардың кім екені беймәлім. Бірақ осындай сәттерде сабыр мен парасаттан айырылмай, жеке топтар мен тұлғалардың мүддесін емес, ең алдымен елдің ұлттық мүддесін басшылыққа алған абзал.
Осы жолғы Жолдау бұған дейінгі баяндамалардан мазмұны мен мағынасы тұрғысынан ғана емес, ел ішінде тудырған талқысы тұрғысынан да ерекше болары анық. Сондықтан қаңқу сөзге құлақ түрмей, конспирологияның құрбаны болмай, нақты фактілерге ғана сүйенген жөн.
Біреудің жеке амбициясы мен мансап үшін жүріп жатқан астыртын ойындарына жол бермеу қоғамның жауапкершілігі.