Берік Асыловтың Сингапурда өткен халықаралық прокурорлар жиынына барып, Тоқаев Жолдауына қатыспауының астарында салмақты себеп жатыр деп жазады Ertenmedia.
Жиын барысында екі ел арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге (MLAT) қол қойылды.
Бұл Орта Азия елдерінің ішінде Сингапурмен жасалған алғашқы құжат.
Оның ерекшелігі күдікті активтерді бұғаттау, тәркілеу, дәлелдерді жинау және активтерді елге қайтаруға тікелей құқықтық мүмкіндік беруінде.
Біздіңше Бас прокурорға Жолдау мен Сингапурдың арасында таңдау жасауға тура келген.
Құқықтық тұрғыдан Сингапурмен келісімге қол қою Астанаға шетелге шығарылған заңсыз активтерді қайтаруға мүмкіндік береді. Бұған дейін сингапурлық құқық қорғау органдары Қазақстаннан келетін қаржылық сұрауларға жауап қатпауға толық құқылы еді.
Мәселен, егер Қазақстан белгілі бір жемқордың банк шоты немесе жылжымайтын мүлікке қатысты мәлімет сұратса, сингапурлық тарап мұндай өтінішті елемей тартпаға тастай салатын. Қазір бұл кедергінің бәрі жойылды.
Тікелей әріптестік орнап, осы келісімнің негізінде жасалған сұрау салуларға жауап беру міндеттеледі.
Осылайша Бас прокуратура заңсыз ақша жасырынатын тағы бір «сенімді» елдің есігін жапты. Кім біледі, бәлкім Сингапурдан да ескі Қазақстанның сыртқа шығарылған миллиардтары табылып қалар.
Бірақ бір кілтипан бар: билік осы келісімді нақты құқықтық құрал ретінде пайдалана ма, әлде бұл кезекті имидждік қадам ба?
Шын мәнінде, алғашқы нәтиже көп ұзамай көрінуі керек: Сингапурға құқықтық көмек бойынша жасалатын сұраныстар, активтерді бұғаттау мен тәркілеу туралы алғашқы сот шешімдері және олардың жария есебі.
Келісімнің тиімділігі Тоқаевтың саяси еркіне байланысты. Егер Астана дәлелді әрі ашық істерді қолға алуға дайын болса, онда бұл келісімнен нақты нәтиже шығады.
Саяси ерік шынайы құқықтық шешімдермен үйлеспесе, активтерді қайтару науқаны бұрынғыдай жабық есік артындағы келісім мен шантаждың құралы болып қалуы мүмкін.