Соңғы күндері әлемжеліні дүрліктірген Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің «қамауға алынғаны туралы» қауесетке шенеуніктің өзі жауап берді.
Министр бүгін Парламент ғимаратында көпшілік алдына шығып, журналистермен ашық тілдесті деп хабарлайды Ertenmedia.
Тілшілер Нұртілеуден не себепті қауесет тараған бойда видеоүндеу жазып, ақпаратты жоққа шығармағанын сұрады. Бұған министр қысқа әрі нақты жауап қатты:
«Маған (кеңсеме) кім келді? Менен мән-жайды кім сұрады? Күндегіше жұмыс орнымда болдым. Әдеттегідей қызметімді атқардым. Жұмыс бабымен кездесу өткіздім, шетелдік әріптестермен сөйлестім, инвесторлармен кездестім. Бәрі бұрынғыдай.
Біз құқықтық мемлекетпіз. Қазақстан зайырлы ел. Арнайы органдар бар, қажет болса солар айналыссын.
Өз басым бұл мәселені көңіліме алған жоқпын. Тіпті, Жолдаудан кейін шетелге іссапарға шығуды жоспарлап отырмын. Бұл да бір сынақ шығар», – деді ол түнеукүні таралған ақпаратты меңзеп.
Бұған дейін Orda.kz порталы министр Мұрат Нұртілеудің, кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің және ҰҚК-ның жоғары лауазымды қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ақпарат таратқан еді. Кейін бұл мәлімет ресми түрде жоққа шығарылды.
Жолдау алдындағы жұмбақ шабуыл: Сол жағалаудағы ауыс-түйістің ақиқаты мен аңызы