Белгілі журналист, «Аңыз адам» және «Жұлдыздар отбасы» журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбай көмекке мұқтаж.
Ұзақ уақыттан бері бауыр обырымен күресіп жатқан журналистің еміне қаражат жинау жарияланды деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл туралы қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай әлеуметтік желіде жазды.
«Таралымы жүз мыңнан асатын журнал шығарып, оқырмандар арасында 20 ат пен түйені сыйлыққа үлестірген адамның қаржылай қиындыққа тап боларын кім білген? Қазір ол шағын зейнетақы мен II топтағы мүгедектік бойынша алатын жәрдемақыға ғана күн көруде.
Жарылқап ұзақ уақыт бойы өз ауруының асқынғанын аңғармаған. Бір жылдан астам уақыт ем қабылдап, екі шағын операция жасатса да, ауру тоқтамаған. Қазақстан, Түркия, Үндістандағы ем нәтижесіз аяқталды. Дәрігерлер бауыр трансплантациясы ғана қажет деген шешім шығарды.
Бар үміт Оңтүстік Корея мамандарында. Трансплантация мен одан кейінгі ем үшін 250 мың доллар қаражат керек. Бұған дейін ем-домға бар жиған-тергені жұмсалып, қазір отбасылық қор таусылды. Ұзақ уақыт Жарылқап жұрттан көмек сұрауға арланып, қиналған еді. Бірақ жағдай қиындаған соң, көпшіліктен қолдау күтуге мәжбүр болып отырмыз», – деді Рысбек Сәрсенбай.
Оның айтуынша, Жарылқап Қалыбайдың ауыр күндері 2014 жылдан басталған.
«Сол жылы журналға Путин мен Гитлерді салыстырған материал шыққан соң, ұзаққа созылған сот процестері мен экономикалық қысым басталды. Ақыры журнал қаржылық қиындыққа ұшырады. Соған қарамастан, басылым тағы бес жылдай шықты, бірақ ақыры жабылды. Табыс көзі тоқтаған соң Жарылқап әлеуметтік желі арқылы саяси ағарту жұмыстарымен айналысып, әділетсіздікке қарсы шықты. Назарбаев режиміне қарсы күресті. Күрес жолы оңай болған жоқ, депрессияға ұшырады, 2019 жылы ауыр ковидпен ауырып, ғажайып жағдайда аман қалды», – дейді қоғам қайраткері.
Көмек беруге ниетті жандар үшін банк реквизиттері төмендегідей:
Kaspi Bank
CASPKZKA
Теңге: 4400430225762233
АҚШ доллары: KZ40722C000024985182
Алушы: Қалыбай Жарылқап Сейдләұлы
Kaspi Gold (телефон нөмірі): +7 701 441 02 44