Атырау мұнай өңдеу зауыты 1-25 қазан аралығында жұмысын уақытша тоқтатады, деп хабарлайды Ertenmedia.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов зауытқа арнайы келіп, жөндеу жұмыстарына дайындықты пысықтады. Бұл кезеңде кәсіпорында ауқымды техникалық тексеріс жүреді. Барлығы мыңнан астам аппарат пен қондырғы, 1,4 мың құбыр желісі және 46 пеш мұқият сараптамадан өтеді. Түрлі қондырғыларда 316 тоннадан астам катализатор алмастырылады. Жалпы алғанда, жұмыстарды 1880 маман мен 62 арнайы техника жүргізеді.
Жөндеу кезіндегі ең маңызды әрі күрделі іс баяу кокстеу қондырғысының реакторларындағы конустық табандарды ауыстыру.
Осы мақсатқа арнап зауытқа әрқайсысы 750 тонна жүк көтеретін екі бірегей кран орнатылуда. Сонымен қатар, реакторларға заманауи диагностикалық жүйе орнатылады, бұл өз кезегінде жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Былтыр дәл осы баяу кокстеу қондырғысында ақаулар анықталып, толық қуатпен жұмыс істеуіне кедергі келтірген еді. Сол оқиғаға байланысты зауыттың бұрынғы басшысы Ғалымжан Жусанбаев қызметінен босатылған болатын.
Асхат Хасенов зауыт басшылығына жөндеу жұмыстарының жоғары сапада орындалуын тапсырды. Ол сондай-ақ алдағы уақытта зауыттың жылдық қуатын 6,1 млн тоннаға жеткізуді және жөндеу аралығын үш жылға дейін ұзартуды міндеттеді.
Жөндеу кезеңінде Атырау мұнай өңдеу зауыты батыс аймақтарды қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін мұнай өнімдерінің жеткілікті қорын әзірлеп отыр.