Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін беру үдерісі қайта жанданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді азаматтардың өтініштері қайтадан қарала бастайды. Әңгіме бұрын әртүрлі себеппен тоқтап қалған жеке тұрғын үй құрылысына жер беру тетігінің қайта іске қосылуы туралы болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, шектеулер алынғаннан кейін өтініш қабылдау қайта жолға қойылған.
Жер беру ісінің ұзақ уақыт тежелуіне ең алдымен инфрақұрылым тапшылығы әсер етті. Қолданыстағы талап бойынша, су мен жарық желісі тартылмаған аумақта жер телімін беру мүмкін емес. Егер орталықтандырылған су жүйесі жоқ болса, кемінде электр желісі болуы шарт. Осындай талап орындалмайынша, жер бөлу рәсімі жүрмейді.
Тағы бір түйткіл инженерлік желілерді қаржыландыру мәселесімен байланысты болды. Электр, су және газ жүйелеріне республикалық бюджет жауап береді. Ал жол, кәріз және байланыс желілерін жүргізу жергілікті биліктің құзырында. Осы үйлесімсіздік салдарынан кезек жылдар бойы жылжымай қалған жағдайлар да кездесті.
Қазір рәсім толық цифрлық форматқа көшірілген. Өтінішті eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Өтініш жолданғаннан кейін ол автоматты түрде жылжымайтын мүлік кадастры жүйесіне түседі. Сол жерде жер телімінің шекарасы белгіленіп, кейін құжаттар уәкілетті органдардың қарауына жіберіледі. Соңғы шешім өтініш иесінің жеке кабинетіне жолданады. Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында рәсім жер комиссиясының қатысуынсыз жүргізіледі.
Қазақстан азаматтары жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерді бір рет тегін ала алады. Жер телімінің ең үлкен көлемі – 10 сотыққа дейін. Дегенмен меншік құқығы бірден рәсімделмейді. Ол жер игеріліп, үй салынғаннан кейін ғана бекітіледі.
Өтініштердің барлығы кезек тәртібімен қаралады. Кезекті әкімдіктер жүргізеді. Азаматтар өз ретін жылжымайтын мүлік мемлекеттік тізілімі жүйесіндегі кадастрлық карта арқылы тексере алады.
Сонымен бірге жер телімін беру мерзімі нақты бір күнмен шектелмейді. Ол инфрақұрылымның дайын болуына және кезектің қозғалысына тікелей байланысты.
Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем мен банк қызметіне қатысты жаңа талап күшіне енбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

