АҚШ-тың Флорида штатында Learjet 60 жеке бизнес-джеті апатқа ұшырап, бортында болған тоғыз адамның барлығы қаза тапты. Әуе кемесінің аспаннан тік құлаған сәті куәгерлердің видеосына түсіп қалған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Апат қалай болды?
Қайғылы оқиға Палм-Бич округінде, Гринэйкрс қаласына жақын аумақта болды. Желіде тараған кадрлардан ұшақтың жерге қарай тік бағытта құлдилағаны және соққыдан кейін бірден алапат жалынға оранғаны анық көрінеді. Оқиға орнында терең шұңқыр қалыптасып, айналаны қою қара түтін торлаған. Ұшақ құлаған кезінде ағаштар мен электр желілерін үзіп, автокөліктер мен тұрғын үй кешенінің құрылымына залал келтірген.
АҚШ көлік министрі Шон Даффи желідегі ресми мәлімдемесінде әуе кемесіндегі барлық адамның көз жұмғанын растады.
«Ұшақта болған тоғыз адамның барлығы қаза тапты. Орын алған жайт – аса ауыр қасірет», – деп мәлімдеді министр Даффи.
Экипаждың соңғы дабылы
АҚШ Азаматтық авиация федералдық басқармасының дерегінше, әуе кемесі Техас штатындағы Остин қаласынан Багам аралдарына қарай бағыт алған. Алайда межелі нүктесіне жете алмай, Флорида әуе кеңістігінде күрделі жағдайға тап болды.
Aviation International News таратқан мәліметке сәйкес, апатқа дейін экипаж диспетчерлерге мұздану, жауын-шашын және қатты турбуленттілік туралы хабарлаған. Пилоттар бастапқыда биіктікті көтеруді сұраған, алайда көп ұзамай ұшақтың күрт төмендей бастағанын және жылдамдықтың шектен тыс асқанын айтып дабыл қаққан.
«Mayday, Mayday! Біз минутына он мың фут жылдамдықпен құлдилап барамыз! Джек, сыртқа қара… Уақытымыз таусылды!» – деп айқайлаған ұшқыштардың соңғы сөздері аудиожазбаға түсіп қалған.
Оқиғаның себептері зерттелуде
Палм-Бич округінің құтқару қызметі оқиғаны ауқымды апат ретінде тіркеді. Әуе кемесі құлаған аймақтағы көлік қозғалысы тоқтатылып, полиция мен өрт сөндірушілер жедел жұмыстарды жүргізді.
Қайғылы жағдайдың нақты себептерін Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңес пен федералдық авиациялық ведомство өкілдері тексеріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







