Қасым-Жомарт Тоқаевқа Qarmet болат балқыту өндірісінің негізгі буыны саналатын конвертер цехы жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президентке домна пешінде балқытылған шойынның қалай құрышқа айналатыны, содан кейін үздіксіз құю қондырғысына және одан әрі илемдеуге жіберілетіні көрсетілді.
Qarmet компаниясы 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерде күрделі жөндеу жүргізіп, корпустарды толық ауыстырды және анағұрлым заманауи конструкциялар орнатты.
Жаңғырту жұмыстары шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, қорытылған болат көлемін ұлғайтуға, құрал-жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру ісі жалғасып жатыр.

Өндірістік көрсеткіштер мен инвестициялық бағдарламалар
Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Мемлекет басшысына өндірістік көрсеткіштер өсімі және инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы есеп берді.
2026 жылдың қорытындысы бойынша 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру жоспарланып отыр.
Компания жұмысы басталғаннан бері инвестиция көлемі 2,7 миллиардтан аса долларды құрады. Бұл қаражат өндіріс қуатын жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысан салуға бағытталды.
Qarmet – еліміздегі толық өндірістік циклге ие ең ірі тау-кен-металлургиялық компаниясы. Орталық Азиядағы өзінің көмір, темір рудасы кеніштері және энергетикалық базасы бар, интеграцияланған тау-кен-металлургиялық кешен. Компанияда шамамен 35 мың еңбеккер, соның ішінде 14 мыңнан астам адам Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.
Жаңа кокс батареяларының құрылысы
Мемлекет басшысына №8 және №9 жаңа кокс батереяларының құрылысы жөнінде баяндалды.
Президентке аталған жоба Qarmet компаниясының ірі инвестициялық бастамаларының қатарына енетіні айтылды.
Оның аясында жаңа кокс өндірісі қуатын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Мұндай ауқымдағы құрылыс комбинатта соңғы бірнеше онжылдықта болмаған.

Бас технологиялық серіктесі – ACRE Coking & Refractory Engineering Consulting Corporation компаниясы.
Екі батереяның жалпы жобалық қуаты жылына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өндіруге жетеді. Әр батереяда камерасының биіктігі 7,6 метр болатын 54 кокс пеші жұмыс істейді.
Жаңа агрегаттар домна пешін осында өндірілетін кокспен тұрақты түрде қамтамасыз етуге, оның сапасын ұдайы сақтауға және экологиялық қауіпсіздіктің анағұрлым жоғары деңгейде болуына мүмкіндік береді.
1960-1970 жылдары пайдалануға берілген өндіріс қуатын алмастыратын батереяларды келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Осылайша, Қазақстанда кокстеу өнімдерін терең өңдейтін алғашқы көмір химиясы кешені құрылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







