Танымал спортшы Илья Ильин ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешовпен арақатынасы туралы айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оның сөзінше, Алмас Өтешов ішімдікке үйір болып, біраз жыл соның зардабын тартқан.
«Алмас — менің досым. 14 жыл бірге жүрдік, бірге жаттықтық. Кейін ол менің командама ауысып келді. Мені алғаш қолдағандардың бірі болды. Ол менің жоспарым, жүйем бойынша дайындалды. Әлем чемпионатында екінші орын алды. Ол менің ізіммен жүрді. Екеуміз жасты болсақ та, бірер жас үлкен болса да, ізбасапым. Әрине, өте өкінішті. Бір кездері бәрінің басына қиындық келеді. 10 жыл бойы ішімдікке әуес болды. Әлбетте, біраз шындықты айтты. Іштей реніштері бар. Қоғам естісе деген жанайқайы болды. Ол қазір клиникада. Оны таптық, емдеп жатырмыз. Федерация қосылды. «Алмас, мен емес, халық саған қол ұшын созды. Қазір осы қолды алмасаң, енді мүмкіндік келмейді» дедім. Екі аптадай қыдырды, бұл жағдайға бей-жай қарамайтындар кейін тағы тауып алды», — деді спортшы Рахым Ошақбаевқа берген сұхбатында.
Зілтемірші қазір Астанада емделіп жатқаны белгілі болды.
«Клиникада ішімдікке құмарлықтан емделіп жатыр. Бұл ауру бұрыннан бар. Оған көмектескен, ақша да берген, жұмыс та берген. Ол бір айдан аса шыдай алмаған. …Мен досымды ешқашан тастамаймын. …Оны аяғынан тұрғызамыз. Құдай оған күш берсін, бұрынғыдай қоғамға пайдасын әкелсін. Мені де, өздеріңізді де кінәламаңыздар. …Жақын арада бірге видеомызды жариялаймын», — деді ол Рахым Ошақбаевқа берген сұхбатында.
Жуырда Алмас Өтешов ауқымды сұхбат беріп, спортшылардың допинг қабылдауы туралы айтты. Оның сөзінше, қазір қамауда отырған Талғат Ермегияевтің кезінде допинг қабылдаған спортшылар жарысқа оңай шығып жүрген. Себебі Ермегияев халықаралық ауыр атлетика федерациясымен келісіп қоятын көрінеді.