Оңтүстік Корея билігі мектеп емтихандарында смартфондар мен жасанды интеллект арқылы көшіру әрекеттеріне қарсы талаптарды шұғыл қатайту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елдің Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Чхве Ын Ок сейсенбіде үкімет отырысында орта және жоғары мектептердегі ішкі емтихандарды өткізудің жаңа тәртібін таныстырды. Бұл бағалар түлектердің университетке түсу көрсеткішіне тікелей әсер етеді.
Көшіргендер барлық пәннен нөлдік баға алады
Қазір қолданыстағы ереже бойынша, көшіру кезінде ұсталған оқушының тек сол нақты пән бойынша тапсырған сынағы ғана жарамсыз деп танылатын. Енді бекітілген жаңа талаптарға сәйкес, смарт-құрылғыны пайдаланғаны немесе өзімен бірге алып кіргені анықталған оқушыға сол күні тапсырған барлық емтиханы үшін нөлдік баға қойылады.
Оқу-ағарту министрлігі өкілдері құрылғыны аудиторияда жай ғана ұстап отырудың өзі ереже бұзу деп есептелетінін мәлімдеді. Тіпті талапты өрескел бұзған оқушылар мектептен шығарылуы мүмкін.
«Емтихан кезінде смарт-құрылғыларды пайдалану немесе алып жүру көшіру болып саналады. Мұндай қадамға барғандарға қатаң тәртіптік шаралар қолданылады», – деді Чхве Ын Ок.
Металл іздегіштер мен Wi-Fi желісін өшіру
Алдағы желтоқсан айында өтетін тоқсандық сынақтар кезінде мектептерде қатаң бақылау шаралары енгізіледі. Оқушылар телефондары мен өзге де электронды құрылғыларын емтихан басталғанға дейін толық өткізуге міндетті. Ал оқушылардың сөмкелері аудиториялардан бөлек, акт залдары немесе арнайы бөлмелерде сақталады.
Сонымен қатар емтихан өтетін күндері мектептерде сымсыз Wi-Fi желісі толық сөндіріледі. Сырттан келетін байланыс толқындары арнайы бақылауға алынады. Оқушылар аудиторияға кірерде және дәретханадан қайта оралғанда металл іздегіш құралдармен тексерістен өтуі мүмкін. Киімдегі түймелерге шағын микрокамераларды жасырмау үшін оқушыларға мектеп формасының орнына қарапайым киім кию немесе түймелерді арнайы стикерлермен жабу ұсынылды.
Министрдің отставкасы және ЖИ төңірегіндегі шу
Бақылау шараларының шұғыл күшеюіне жақында елді дүр сілкіндірген ауқымды жанжал себеп болды. Мемлекеттік салық есепшісі емтиханында ең жоғары ұпай жинаған үміткер шағын микрокамера, смартфон және жасанды интеллект бағдарламасын қолданып көшіргенін жария түрде мойындаған еді.
Артынша өткен аптада жарты миллионнан астам талапкер қатысқан ұлттық бірыңғай тестілеу (Сунын) кезінде де ондаған оқушының электронды құралдар алып кіргені әшкереленді. Соның ішінде смарт-көзілдірік, құлаққа салынатын жасырын тыңдау құрылғылары мен телефондарды қолданған бес жайт бойынша құжаттар прокуратураға жолданды.
«Емтиханда көшіру – қоғамның іргетасына сына қағатын ауыр қылмыс», – деп қатаң мәлімдеген президент Ли Чжэ Мён барлық мемлекеттік емтихандар мен сынақтардағы қауіпсіздікті түбегейлі қайта қарауды тапсырды.
Ұлттық тестілеу кезіндегі соңғы минутта енгізілген шектеулердің салдарынан туындаған тәртіпсіздіктерге байланысты Оңтүстік Кореяның Оқу-ағарту министрі Чхве Гё Джин жексенбі күні қызметінен кетті. Енді ведомство заңнамаға өзгерістер енгізіп, смарт-технологиялар арқылы қулық жасағандарға емтихан тапсыруға бірнеше жылдық тыйым салуды жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







