Тергеу изоляторында отырған атышулы Гүлмира Сатыбалдының денсаулығы күрт нашарлап, бүгінге белгіленген сот отырысы өтпей қалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сотталушы аллергиясы асқынып, бүйрегі сыр бергенін айтып шағымданған екен.
Сот отырысында айыпталушылар Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаев және олардың қорғаушылары бейнебайланыс арқылы қатысты. Негізі жоспар бойынша бүгін тараптар арасында жарыссөз өтуі тиіс еді.
Алайда отырыс басталысымен сотталушы Гүлмира Сатыбалды денсаулығы сыр бергенін айтып, сенбі күннен бері аллергиядан зардап шеккенін жеткізді. Оның сөзінше, тергеу изоляторында қажетті дәрі-дәрмекті табу мүмкін емес екен.
Сотталушының адвокаты Әсемгүл Даниалова да бұл жағдайды растап, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Оның айтуынша, Гүлмира Сатыбалдының бүйрегі қатты ауырып, қазір медициналық көмекке мұқтаж.
«Біз сот жарыссөзіне дайын едік, бірақ қорғауымыздағы адамның жағдайы тым ауыр. Ол тіпті отыра алмайды, сотты кейінге қалдыруды сұраймыз. Тергеу изоляторында дәрігер жоқ, еңбек демалысына кеткен», – деді адвокат Даниалова.
Сот осы жайтты ескеріп, келесі отырысты 27 тамызға ауыстырды. Бұған дейін депутат Сайыров ескі Қазақстанның Тоқаев билігіне қауіп төндіріп отырғанын айтқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

