Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Самат Нұртаза көлік министрінен қанша ескі ұшақ қолданыста екенін сұрады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Жолаушыларды тұрақты тасымалдауға 100-ге жуық авиаборт жұмылдырылған деп айтып жатсыз. Әуе компанияларының сайттарын қарасақ, біраз ұшақтың жасы Тәуелсіздігімізбен бірдей, 30 жылдан асып кеткен. Әуе компаниялары заманауи ұшақтар алуы керек, санын көбейту керек деп көп айтамыз. Бірақ билеттің бағасы ғана көтеріле береді. Осыған байланысты 102 борттың қайсының 25 жыл мерзімі өтіп кеткен?»- деп сұрады ол.
Көлік министрі Марат Қарабаев 102 ұшақтың бесеуінің мерзімі 25 жылдан көп екенін айтты. Шенеуніктің сөзінше, бұлар — «Южное небо» әуе компаниясына тиесілі ескі АН-24 ұшақтары.
«Біз неге оны ұстап отырмыз? Мысалы, Зайсанда, Үржарда басқа типті борттарды қабылдай алмайды. Бірақ жергілікті халық сол жаққа ұшсын деп сұрайды. Былтыр да жабамыз деп едік, халық сұраған соң қалдырдық. Зайсанды толығымен реттеген соң ол ұшақтар толығымен шығып кетеді (қолданыстан — еск.). Ішкі нарықта 671 бағытта рейстер болса, 97 пайызында 10 жасқа дейінгі ұшақтар ұшып жүр. Олардың қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілген», — деді шенеунік.
Айта кетейік, ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Южное небо — 2014 жылы құрылған компания, ол — қазақстандық SCAT тасымалдаушысының еншілес компаниясы. Қазақстан Республикасының аумағында ішкі рейстерді жүзеге асырады.