Шымкентте дәстүрлі кілем тоқу өнерін заманауи туындылармен ұштастырған SHE RUG көрмесі өтіп тұрады. Оған кілем тоқу дәстүрін сақтап, кейінгі буынға жеткізу үшін құрылған «Шырақ» студиясы да қатысып келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оңтүстіктегі тоқымашылық дәстүрі мен ерекшелігі
Оңтүстікте кілем тоқу күнделікті тұрмыс қажетімен бірге дамыған. Өрмекте тоқылған кілемді төсеніш ретінде пайдаланған, үйдің сәні үшін ілген. Түкті кілемнің бедері жіпті түйіп, ұшын қырқу арқылы жасалса, тақыр кілем түксіз тоқылады. Этнографиялық зерттеуде оңтүстіктегі тоқымашылықтың дамуына өңірдің отырықшы және жартылай отырықшы тұрмысы мен Өзбекстанға жақын орналасуы ықпал еткені айтылады.
Шымкентте осы өнерді жалғастырған шебердің бірі – Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Бибіжар Симова. Ол жоғары оқу орнына түскенге дейін 26 түкті кілем тоқыған. Кілеммен қатар басқұр мен қоржын да жасаған. Ал тоқымашы Күләш Айдарбекова 2021 жылы «ShymQala» этноауылында кілем тоқудан шеберлік сабағын өткізген. Биыл қаладағы көрмеге Жанагүл Бекболатова өзі тоқыған түкті кілемдерін әкелді. Оның айтуынша, мұндай көрме шеберлік сырын кейінгі буынға жеткізуге көмектеседі.
«Шырақ» студиясы және кәсіптің қайта түлеуі
«Шырақ» негізін қалаған Сандуғаш Бейсенбекова 2023 жылы кілем тоқитын ісмерлерді іздеп, Түркістан облысынан 14 шеберді тапқан. Оның айтуынша, 1990 жылдары нарыққа шетелдік кілем көптеп келгенде жергілікті тоқымашылардың еңбегіне сұраныс төмендеген. Студияның қазіргі жұмысы дәстүрлі тәсілмен тоқылған кілемге тапсырыс қабылдауға негізделген. Тапсырыс шеберге табыс әкелсе, шеберлік сабағы сол кәсіпті үйренгісі келген жасқа өрмекке қол тигізіп, жіп тартып көруге мүмкіндік береді.
Кілем тоқудың Шымкентте жалғасуы осы екі мүмкіндікке байланысты. Көрме шебердің еңбегін көпшілікке танытады, ал тапсырыс пен үйрету тоқымашылықты күнделікті кәсіп ретінде сақтауға көмектеседі. SHE RUG көрмесі Темірлан тасжолы, 90Б мекенжайындағы Orbis Auto Shymkent кеңістігінде 12 желтоқсанға дейін өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







