Астанада компьютерлік ойынның жетегінде кеткен жігіттің кесірінен бір отбасының ойраны шықты. «Бейуақыт болды, ойыныңды доғар» деген ескертпеге бұлқан-талқан ашуланған 21 жастағы астаналық үйіндегілерді ас үйдегі пышақпен жайратып салған, — деп хабарлайды ErtenMedia «КТК» телеарнасына сілтеп.
Туыс ағасы дәрігерлер келмей тұрып жан тапсырса, қалған үш әйел ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Көршілерінің айтуынша, әуелі 21 жастағы жігіт ас үй пышағымен 1997 жылғы туысқан ағасына тап беріп, 20 рет еш шіміркпестен пышақ сұққан. Кейін баласының жан дауысын естіген анасы да, туыс екі әпкесі де жетіпті. Ойыннан желігі басылмаған жігіт бұлардың да әр жеріне пышақ ұрған.
«Таңға жуық полицей есік қақты. Көмек сұрады. Еркек адам бар ма деді. «Жай ма, тыныштық па?» деп едім. «Пышақ жарақаты, көмек керек» деді. Күйеуім үйде жоқ еді. Балам жылаған соң үйге кіріп кеттім», — деді көршісі.
«Free Fire ойынын түнімен ойнаған. Бала ғой. Телефонын алып қойған болуы керек. Содан кейін таңертең сабағына барсын деуі мүмкін. Біз де үйде баламыздың телефонын алып қоямыз», — деді көршісі.
Айқай-шуды естіген іргелес пәтердің иесі бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер шамамен бес минутта жеткен. Тек геймердің ағасы олар келмей тұрып жан тәсілім етіпті.
Телеарна мәліметінше, қолы қанға боялып, виртуалды өмірде емес, шынтуайтында қылмыс жасағанын түсінген жігіт терезеден секірмек болған. Күдікті қазір тергеу изоляторында.
«Адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша жанжалдың шығуына күдіктіге туыстары тарапынан жасалған ескертпе себеп болған», — деді Алматы ауданы ПБ бастығы Диас Тоқатов.
Басқа қаладан Астанаға нәпақа іздеп келіп, пәтер жалдап жүрген отбасыдан аман қалғандардың беті бері қарай бастапты.
«18 қаңтарда №1 ауруханаға үш әйел ауыр халде жарақатпен жеткізілді. Әрқайсының денесінде кемі он шақты пышақ жарақаты бар. Дереу ота жасап, қанын тоқтатуға тырыстық. Қазір бәрі есін жиған. Бірақ оқиғаның қалай болғанын есіне түсіргілері келмейді», — деді №1 көпсалалы аурухананың дәрігері Татьяна Колпакчи.
Істің басқа да мән‑жайы тергеліп, анықталып жатыр. Жақынынан айырылған отбасыға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.