Ресей президенті Владимир Путин Ресей экономикасының жағдайына алаңдаулы және Украинаның кейбір аймақтарындағы әскери операциялардан қажет нәтижеге қол жеткіздік деп есептейді екен. Бұл туралы Reuters агенттігі Кремльге жақын дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, Путин Ресей экономикасындағы дисбаланстарға алаңдаулы. Әсіресе, жұмыс күшінің жетіспеушілігі мен жоғары инфляцияны тежемек мақсатта енгізілген жоғары пайыздық мөлшерлемелер экономикалық белсенділікке кері әсерін тигізіп жатыр.
Ресейдің әскери шығындары рекорд деңгейге жеткен тұста ішкі нарықтағы шиеленіс күннен-күнге артуда.
Бұл жағдай Кремльдің алдағы стратегиясына ықпал етіп, Ресей элитасының бір бөлігін Украинадағы соғысты келіссөздер арқылы реттеудің қажеттілігін мойындауға итермелеуде. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл пікір Ресей элитасының ішінде әлі де қызу талқыланып, нақты бір шешімге келе қойған жоқ.
Ресей президенті Украинадағы негізгі әскери мақсаттарға қол жеткізілді деп санайды. Оның ішінде материктік Ресей мен Қырым арасындағы байланыс жолдарын бақылау, сондай-ақ украин армиясының әлсіреуі сынды стратегиялық міндеттер аталды.
Сарапшылар пікірінше, экономикалық және саяси тұрғыдан алғанда, Ресейдің қазіргі жағдайы мүшкіл. Бір жағынан, әскери шығындар қысымы инфляция мен ішкі қаржылық тұрақтылыққа теріс әсерін тигізіп отыр. Екінші жағынан, санкциялар мен халықаралық оқшауланудың салдары экономикалық дамудың шекарасын тарылтуда.
Айта кетелік, Давостағы форумда президент Трамп Сауд Арабиясы мен ОПЕК-ке қарата мұнай бағасын төмендетуді сұрады.
«Егер мұнай бағасы төмендесе, Ресей мен Украина арасындағы соғыс бірден аяқталар еді. Қазіргі таңда мұнай бағасы жоғары болғандықтан, соғыс жалғасуда. Мұнай бағасын төмендету керек, сол кезде соғыс тоқтайды. Олар мұны әлдеқашан жасауы тиіс еді. Шын мәнінде, олар белгілі бір деңгейде болып жатқан жағдайға жауапты. Миллиондаған адамның өмірі қиылып жатыр», — деді АҚШ президенті.