Алматыда полиция қызметкерлері ұсталған адамды азаптағаны үшін сотталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсталған азаматты азаптаған екі полиция қызметкеріне қатысты айыптау үкімін шығарды. Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокуроры тергеп-тексерді.
Бас прокуратура мәліметінше, 2023 жылы 29 наурызда кінәлі полиция қызметкерлері туысының пәтерінде жеткізілген азаматты бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату мақсатында азаптаған.
Кінәні мойындау туралы процестік келісімін ескере отырып, сот үкімімен сотталушыларға 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Сотталғандар арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енді.