Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында адамды кепілге алу жағдайы жөнінде хабардар, — деп хабарлайды ErtenMedia.
«Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, сол азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды», — деп жазылған хабарламада.
Оқиға қалай болған?
Әуежай өкілдерінің сөзінше, оқиға 7 наурызда әуежайдың ұшу алдындағы тексеру аймағында болған.
Сағат 11:45 шамасында өзін жолаушы ретінде таныстырған ер адам ішкі терминалдағы (Т1) рейс алдындағы тексеру аймағына келген. Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің скрининг қызметкерлері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған, бірақ ер адам скрининг офицерін шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастаған.
7 минуттан кейін әуежайдың желілік полиция бөлімінің (LPD) қызметкерлері және Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ер адамның пышағын тартып алған.
Қазір ер адам полиция бөлімінде, құқық қорғау қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.