Қазақстандық компаниялар хабарлама алғаннан кейін бюджетке 17 миллиард теңге салық төлеген, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 633 салық төлеушіге, соның ішінде 172 құрылыс (ірі құрылыс компаниялары да бар) компаниясына, 102 сауда және басқа да қызмет түрлерімен айналысатын компанияға салық салынатын кірісін төмендету белгілері бойынша хабарлама жіберілген.
«12 наурыздағы жағдай бойынша салық төлеушілер қосымша есеп нысандарын тапсырып, салығын толықтырып жатыр. Қазір 17 млрд теңге төленді, оның ішінде BI Group және BAZIS компаниялары да төледі. Деректер салыстырылып жатыр», — деп жазылған хабарламада.
Комитет салық төлеушілерді салық заңнамасы талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Олжас Бектенов кәсіпкерлерден екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және шынайы салық сомасын төлеуді сұрады:
«Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар».