Халықаралық геологтар тобы Тынық мұхитының түбіндегі Мариан шұңғымасынан жер бетіндегі ең терең жарылғыш жанартау атқылауының бұлтартпас іздерін тапты. Зерттеушілер су бетінен шамамен 6,5 мың метр (4 миль) тереңдікте бұрын-соңды тіркелмеген пирокластикалық тау жыныстарын тіркеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғалымдар Жердегі ең терең нүкте саналатын «Челленджер түбінің» (Challenger Deep) жартастарын зерттеу үшін қашықтан басқарылатын Jason/Medea суасты аппаратын мұхит түбіне жіберген. Зерттеу барысында құрылғы су бетіне жанартау шынысы мен тас сынықтарынан тұратын арнайы жыныстарды алып шықты. Мұндай пирокластикалық құрылымдар тек күшті жарылыспен атылатын жанартаулардан кейін ғана түзіледі.
Зерттеу жетекшісі, геолог Роберт Стерн ашылған бұл жаңалықты ғалымдар үшін күтпеген жағдай деп бағалады.
«Мұндай жыныстар құрлықтағы немесе саяз су астындағы жанартаулардан жақсы таныс. Бірақ біз тапқандай тереңдікте олар бұған дейін ешқашан кездеспеген болатын», – деді Роберт Стерн.
Физика заңдарына қайшы құбылыс
Бұл жаңалық жанартаутану саласындағы қалыптасқан түсініктерге үлкен сауал туғызып отыр. 6 мың метрден астам тереңдіктегі су қысымы жер бетіндегіден 600 еседен астам жоғары. Ғалымдар осыған дейін мұндай орасан қысым жанартау газдарының ұлғаюына тосқауыл болып, жарылыстың алдын алады деп санаған. Сондықтан терең су астындағы жанартаулар тек баяу әрі қоймалжың лава түрінде ағады деп болжанған еді.
Сонымен бірге жанартау ошағының орналасқан жері де ерекше болып отыр. Әдетте тектоникалық тақталардың түйіскен жеріндегі жанартаулар шұңғымадан 200–300 шақырым қашықтықта орналасады. Ал бұл жолғы белгілер тікелей шұңғыма жиегінде анықталды.
«Осындай тереңдіктегі алапат қысым суасты жанартауының атқылау сипатын құрлықтағы немесе саяз судағы жағдайдан мүлде өзгеше етеді», – деп түсіндірді зерттеу авторы.
Әлі шешілмеген жұмбақтар
Зерттеу нәтижелері Frontiers in Earth Science ғылыми журналында жарық көрді. Экспедиция мүшелері жанартаудың атқылау процесін тікелей көрмегенін және жыныстар атылған нақты кратердің әлі табылмағанын атап өтті. Табылған тау жыныстарының нақты жасы зерттеліп жатыр, алайда геологиялық өлшеммен олар жақын уақытта түзілгенге ұқсайды.
Енді геологтар алапат гидростатикалық қысымға қарамастан, теңіз түбіндегі жарылғыш атқылаудың қандай тетік арқылы жүзеге асқанын және мұхит түбіндегі геохимиялық процестерді жан-жақты анықтауды жалғастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






