Бүгін Абай облысында жол құрылысы маусымы ресми түрде ашылды. Халықаралық маңызға ие «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының бойында өткен шараға облыс әкімі Берік Уәли, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын автожолдың 184 шақырымы облыс аумағынан өтеді. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша, «Қалбатау-Майқапшағай» күре жолында жол қозғалысы жыл соңына дейін ашылады. Жоба аясында 16 көпір мен 100-ден астам су өткізу құрылғылары жаңартылады.
«Абай облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 2176 шақырымды құрайды. Биыл біздің компания өңірдегі ұзындығы 830 шақырымға құрылыс жұмыстарын жүргізеді. 250 шақырым жолға асфальт төселеді. Ал «Қалбатау-Майқапшағай» автожолында жыл аяғына дейін жол қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз. Мердігер ұйым дайын, қаржы толық қарастырылған. Бұл — бәрімізге ортақ жұмыс. Жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілуде», — деді Дархан Иманашев.
Облыс әкімі шараның ашылуында сөйлеген сөзінде «Қалбатау-Майқапшағай» жолының өңір үшін экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Былтыр облыста 250 шақырым жол жөнделген. Аймақ басшысы биыл бұл көрсеткіштің едәуір ұлғаятынын айтты.
«Бүгінгі шара облыстағы жол жөндеу маусымының басталуымен де тұспа-тұс келіп отыр. Биыл өңірімізде жалпы ұзындығы 400 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелеріне асфальт төсеу жоспарланып отыр.
Мұның ішінде облыстық маңызы бар жолдар да, аудандық маңызы бар жолдар да бар. Бұдан бөлек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердегі 64 шақырым көше жолдары орташа жөндеуден өтеді. Мақаншы ауылы мен Аягөз қаласындағы көше жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді», – деді аймақ басшысы.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының» хабарлауынша, «Өскемен-Талдықорған» автожолының құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Бұдан бөлек «Семей-Қайнар», «Семей-Ресей Федерациясы шекарасы», «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас», «Өскемен-Семей», «Таскескен-Бақты» бағытындағы жолдарға асфальт төселеді.
Облыс әкімі Берік Уәли «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевпен бірге реконструкциялау жұмысы басталған аумақты аралап көрді. Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компанияның өндірістік базасында болып, жұмысшылармен кездесті.