Дубай, Hermes және Mercedes: Коррупциямен шатылған шенеунік билікке қайта оралды. Иә, мұндай жағдай тек Қазақстанда болады. Сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық бойынша айыпталған Сәкен Мұсайбеков ел спортының басшылығына қайта келді деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол Ұлттық Олимпиада комитетінің жаңарған құрамына қысқы спорт түрлері бойынша вице-президент болып сайланды және Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры қызметін де қатар атқаруда.
2021 жылы Мәдениет және спорт вице-министрі болған кезінде Мұсайбеков ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен істі болған еді.
Антикордың дерегі бойынша, Мұсайбеков букмекерлік бизнестің мүддесін қорғау үшін 15 мың доллар пара алған.
Тергеу барысында оның ісі «пара алу» бабынан «алаяқтық» бабына ауыстырылды. Себебі, оның букмекерлерге уәде еткен қолдауы өзінің құзыретіне жатпайтын болып шыққан.
Алматының Түрксіб аудандық соты Сәкен Мұсайбековті «қызметін теріс пайдаланып, мемлекеттің беделіне нұқсан келтірген және заңсыз жолмен жеке басының пайдасын көздеген» деп танып, алаяқтық бабымен кінәлі деп тапты.
«Сот Мұсайбековтің айыбын мойындағанын және процессуалдық келісім жасалғанын ескере отырып, оған келтірілген шығынның он еселенген көлемінде, яғни 62 млн теңге айыппұл салуға үкім шығарды. Үкімде айыпталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін жағдай, оның отбасының тұрмыс-тіршілігі және жазаның оны тәрбиелеуге әсері ескерілді», – делінген сот шешімінде.
Ең қызығы…
Айыпталушы мемлекетке салынған айыппұлды төлеп, жемқорлық дауынан сәтті шығып кетті. Сонымен бірге оған тиесілі Mercedes-Benz S-class автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 012 BIA 02) мен мемлекеттік марапаттары өзінде қалдырылды.
Тек ұсталған сәтте тәркіленген 5 мың доллар ақша мен Hermes әйел сөмкесі ғана мемлекет пайдасына алынып, кейіннен сөмке аукционда 4,5 миллион теңгеге сатылды.
Айта кету керек, 2021 жылы Мұсайбеков Дубайға ұшып кетпек болған жерінен елорда әуежайында ұсталған еді.
Енді, міне, осы қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған шенеунік еліміздің спорт саласында тағы да маңызды қызметті иеленіп отыр.