Шымкентте «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының қызметіне тексеріс басталды. Компанияны бұған дейін қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасады деп айыпталған Ернар Жиембай басқарған деп жазады Ertenmedia.
Дей тұрғанмен қала әкімдігі тексерістің Жиембай ісімен байланысы жоқ екенін мәлімдеп отыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, аудит тұрғын үйлерге жасалған жөндеудің сапасын тексеріп, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалғанын анықтауға бағытталған.
Ал Ернар Жиембай мен әкім орынбасары арасындағы кикілжің «қаржыға қатысты болды» деген қауесетті әкімдік жоққа шығарды.
«Тұрғын үй Шымкент» компаниясы 2023–2025 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша бюджеттен 4 миллиард теңгеден астам қаржы алған.
Биыл компания 15 үйді жөндеп біткен, тағы 10 нысанда жұмыс жалғасуда. Жыл соңына дейін 22 үй толық жаңартылмақ.
Күрделі жөндеуге жауапты мердігерлерді тұрғын үй кеңестері өздері таңдайды. Әкімдік мамандары қаржының барлығы қайтарымды екенін, тұрғындардың төлемдері арқылы бюджетке қайта түсетінін айтып отыр.
«Қаржыландыру мен есеп беру процесі ашық әрі анық жүргізіледі», – деп хабарлады әкімдік.
Сондай-ақ, «Тұрғын үй Шымкентті» тендерге қатысудан шеттету туралы мәселе көтерілмегені белгілі болды. Компанияның құрылтайшысы қала әкімдігі.
Бұған дейін Берденовке қастандық ісі бойынша сот ісінде айыпталушы шендіге шенеунікке мылтық кезеніп, оқ атуының себебін егжей-тегжейлі айтып берген.
Жиембай оқиғаның жұмысқа түк қатысы жоғын, бәрі де жеке бастың мәселесінен, нақтырақ айтқанда қызғаныштан туындағанын мәлімдеген еді.
«Қоғам мұның ақ-қарасын білгені дұрыс. Мұны ел естісе екен деймін. Оқиғаның астарында қызметке қатысты ешқандай дау жоқ, бәріне қызғаныш түрткі болды. Ол келіншегімнің телефонына «сен сұлусың» деген хабарлама жіберген. Бұдан бөлек суретіне де лүпіл басқан», — деген еді ол.