Еліміздің мұнай-газ саласында көп жыл еңбек еткен, Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Мұрат Досмұратов өмірден өтті. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, ол Атыраудағы қонақүйлердің бірінде жүрек талмасынан көз жұмған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Тағдырдың тәлкегі шығар, осыдан бір ай бұрын ғана ол атышулы қылмыстық іс бойынша толық ақталып, сот шешімімен кінәсіз деп танылған еді. Бірақ күні кеше ғана айыптыдан арылған азаматтың бүгін өмірден өтуі қоғамды ойға қалдырды.
Атырау зауытының төңірегіндегі даулар мен тексерістер, басқарушыларға тағылған айыптар халықтың назарында болды. Мұрат Досмұратовтың ісі де көп талқыланған. Біреулер оны жемқорлыққа қатысты деп күмәнданса, енді біреулер саяси ойынның құрбаны деп санады.
Ақыры сот «айып дәлелденбеді» деп шешім шығарып, ол қоғам алдында адалдығын дәлелдегендей болған. Алайда, ақталудың қуанышын ұзақ сезіне алмай кетті.
Бұл оқиға мұнай саласындағы басшылардың қандай қысымда жүретінін де аңғартады. Қоғамдық пікір, мемлекеттік бақылау, құқық қорғау органдарының тексерістері – бәрі бір адамның тағдырын шешіп жатады.