Түркістан облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын іске асыруға арналған кеңес өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиынға аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері қатысты. Кеңесте Жолдауда көрсетілген басым міндеттерді өңірде нақты орындау жолдары талқыланды. Аймақ басшысы Түркістан облысы жаңа экономикалық серпінге дайын болуы керек екенін айтып, даму жоспарына жасанды интеллект, цифрлық технология, өңдеу өнеркәсібі, инвестиция және әлеуметтік инфрақұрылым сапасына қатысты өзгерістер енгізілетінін жеткізді.
Өңірде цифрландыру бағыты күшейіп келеді. Әкімдік «Қазақтелеком» және «Транстелекоммен» бірге шалғай ауылдарды сапалы интернетпен қамту жұмысын бастап кеткен. Мектептер мен балабақшаларға жасанды интеллект негізіндегі бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелері енгізілмек. Қыркүйек айының соңында ашылатын «Woosong Kazakhstan» IT университеті өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталады. Облыс әкімі осы оқу орнымен нақты серіктестік орнатып, іс-қимыл жоспарын бекітуді тапсырды.
Инвестиция тарту бағыты да күшейтілуде. Облыста арнайы инвестиция басқармасы құрылған. 2025-2028 жылдары жалпы құны 2,5 трлн теңге болатын 111 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 695 млрд теңгеден асты. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында шетелдік «HANYA» компаниясымен бірлескен өндірістік парк құрылысы басталған. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны даму институтына айналдыру міндеті де қойылды.
Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 60,7 млрд теңге болатын 18 жоба жүзеге асады. Басымдық терең өңделген, экспортқа бағытталған өнімге беріліп отыр. Агроөнеркәсіп кешенінде 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілген. 2030 жылға қарай оны 216 мың гектарға жеткізу көзделген. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық үлестіру мен әділ бөлу де бақылауда болады.
Көлік және логистика саласында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында сервистік инфрақұрылымды күшейту, жол сапасын көтеру және транзиттен қосымша табыс табу жөнінде тапсырмалар берілді. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын уақытында аяқтау мәселесі де назарда тұр.
Контекст
Энергетика саласында облыстың электр қуатының 75 пайызы сырттан келетіндігі айтылды. Осы тәуелділікті азайту үшін жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын алты ірі жоба қолға алынған. Күн және жел электр станцияларын салу жоспары да қарастырылған. Су мәселесіне келсек, облыстағы 801 елді мекеннің 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Дегенмен 38 ауылда орталық су жүйесі жоқ, 192 елді мекенде су кестемен беріледі. Осы түйткілді шешу үшін кешенді жоспар әзірленіп жатыр.
Кеңесте санитарлық тазалық, көгалдандыру, экологиялық мәдениет, шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық салық жүйесін енгізу, жоғары оқу орындары мен колледждерде білікті кадр даярлау мәселелері де қаралды. Жасанды интеллектке негізделген бағдарламаларды мектеп бағдарламасына енгізу жоспарланған. Денсаулық сақтау саласында Ордабасы мен Сарыағаш аудандарында перинаталдық орталықтар салу жобасы басталды. Сонымен бірге облыста 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысы қолға алынбақ.
Жиын соңында Нұралхан Көшеров Президент тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауына алатынын айтты. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында былтыр 13 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл жыл соңына дейін тағы 16 мектеп ашу жоспарланған. Өңір басшысы жұмыстың өлшемі есеп емес, нақты нәтиже болуы керек екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







