Армения саясатында күтпеген бұрылыс басталды. Никол Пашинян елдің көршілерге деген ұстанымын түбегейлі өзгертетін қадамға барды. Ол қоғамдағы Ресей қалыптастырған көзқарасты сынға алып, Армения халқының санасына сіңіп кеткен ескі үрейден арылу керектігін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тарихи тұрғыда Ресейдің ықпалына ұзақ жыл тәуелді болған армян қоғамы Түркия мен Әзірбайжанды үнемі қарсылас ретінде қабылдап келді. Енді Пашинян сол ұғымды бұзып, Кавказдағы жаңа дипломатиялық тепе-теңдік орнатуға талпынып отыр.
Премьердің сөзі тереңде жатқан идеологиялық мәселелерге тікелей тиіп отыр. Арменияда ондаған жыл бойы КСРО кезінде қалыптасқан саяси құрылымдар мен арнаулы қызметтердің ықпалы сақталып келгені жасырын емес.
Ресейдің «бауырлас ел» деген саяси риторикасының астарында Арменияны өз орбитасында ұстау ниеті жатты. Пашинянның айтуынша, қоғамда кең тараған үрей мен жаулық ұғымдарын сол ескі агентура күшейткен. Қазір ол сол идеологиялық шырмудан босап, халықтың санасын тәуелсіз ойлауға бейімдеуге тырысып отыр.
Путиннің «бітімгер» әскері аймақтан кеткеннен кейін жағдай мүлде басқа арнаға түсті. Қарабах мәселесінен кейін Арменияның геосаяси бағдарын қайта қарауы табиғи үдеріс.
Енді Пашинян Ресейдің ықпал аймағынан алшақтап, Еуропа мен АҚШ-пен байланысын нығайтуға мүдделі. Бірақ ол ең алдымен көршілермен Түркия және Әзірбайжанмен тікелей диалог орнатуға басымдық беріп отыр. Бұл шешім аймақтың тұрақтылығына жаңа тыныс әкелуі мүмкін.
Армения мен Түркия арасындағы шекара 1993 жылдан бері жабық. Ал Әзірбайжанмен қарым-қатынас ондаған жыл бойы тек соғыс өрті арқылы ғана көрініс тапты. Енді сол тұйық шеңберді бұзу Пашинянның басты миссиясына айналып отыр.
Арменияның өз ішінде де пікір екіге бөлінген. Бірі премьердің саясатын батылдық деп бағаласа, енді бірі оны Мәскеудің ықпалынан шығып, Батысқа толық бейімделу әрекеті деп түсінеді. Дегенмен аймақтағы өзгерістерге қарасақ, Пашинянның бағыты нақты әрі жүйелі қадамдарға негізделіп отыр.
Еуропалық басылымдар, соның ішінде Euractiv пен Politico, Армения премьерінің мәлімдемесін «постсоветтік тәуелділіктен арылудың көрінісі» деп бағалап жатыр. Себебі соңғы жылдары Ресейдің қолдауына сүйенген армян элитасы әлсіреп, жаңа саяси буын қалыптаса бастады. Ал Пашинян сол буынның символына айналды. Оның мақсаты тек сыртқы саясатты жаңарту ғана емес, халықтың тарихи санадағы «мәңгі жау» ұғымын жою.
Кавказдағы ахуал енді басқа бағытта дамуы ықтимал. Арменияның жаңа бағыты аймақ елдерінің экономикалық және мәдени байланысын күшейтуі мүмкін. Егер Анкара мен Ереван арасындағы шекара ашылып, Әзірбайжанмен нақты келісім жасалса, онда Кавказ жаңа дәуірге қадам басады. Бұл жағдайда Ресейдің бұрынғы үстем ықпалы әлсірейді, ал аймақ елдері өзара келісім арқылы тұрақтылық орнатуға ұмтылады.

