Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймағында «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын зауыт іске қосылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кәсіпорынның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, нысанды аралап көрді. Өңірде өндіріс саласын қарқынды дамыту жолында тынбай жұмыс істеп жатқан азаматтарға алғысын жеткізіп, экспорт көлемін ұлғайту жөнінде пікір алмасты.
– Бүгін Түркістан облысының экономикалық дамуы үшін аса маңызды жобалардың бірі жүзеге асып отыр. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстар өндіретін жаңа зауыт өз жұмысын бастады.

Бұл өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаның жандануына серпін беретін қуанышты оқиға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлерге инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды.
Бүгін іске қосылып отырған бұл кәсіпорын – сол бастамалардың нәтижелі орындалып жатқанының жарқын дәлелі. Жобаны жеке инвестор жүзеге асырып, 4 млрд теңге инвестиция салды. Бұл – облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосылған нақты үлес. Қазір полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен толықтырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да жол ашады.
Мұндай жобалар біздің облыстың экономикалық жағдайын жақсарта түседі. Қазіргі таңда Түркістан облысы – жаңа өндіріс орындары ашылып, кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан өңір. Әрбір жаңа жоба – экономикалық өсімге үлес қосатын маңызды бастама. Осы жобаның іске қосылуына атсалысқан азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Біз инвесторлар мен кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Жаңа өндіріс орны өркендеп, облыс экономикасына мол үлес қоса берсін, – деді облыс басшысы Нұрлыхан Көшеров.

Зауыттың жобалық құны 4 млрд. теңге. Аталған жоба аясында 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылды.
Айта кетейік, биылғы 10 айда облыстың негізгі капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.


