Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаевтың ұсталуы туралы жаңа мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Прокуратураның хабарлауынша, бұл іс медициналық құрал-жабдық сатып алу кезіндегі жемқорлыққа байланысты қозғалған.
«Ауруханаларға бағасы бірнеше есе қымбат әрі қажетсіз құрал-жабдық жеткізілген. Салдарынан мемлекетке келген шығын көлемі екі миллиард теңгеден асып отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Экс-басшы Данияр Жандаевпен бірге оның орынбасары Ерболат Доспанов, аудандық ауруханалардың бірінің бас дәрігері және медициналық құрал-жабдықты жеткізуші компания өкілі ұсталды.
Бұған дейін облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, істі прокуратура қарап жатқанын айтқан болатын.
«Мәселенің мән-жайын прокуратура анықтап, тиісті бағасын береді. Әзір артық ештеңе айта алмаймын», – деген еді әкім. Сонымен қатар, Ақсақалов медицина саласында мемлекеттік сатып алулар жүйесінің дербес жүргізілетінін атап өтіп, осы бағытта кемшіліктердің барын мойындаған және бақылауды күшейту керектігін айтқан еді.
Осыған дейін президент Тоқаев Қостанайдағы демографиялық ахуалды ашып айтып, облыс әкімін сынға алған болатын.

