Шымкенттегі смарт-әжетханалар халықаралық World Toilet Summit 2025 саммитінде үздік деп танылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Otyrar-дың мәлім еткеніндей нысандардың басты ерекшелігі гигиеналық тазалық пен қолжетімділіктің жоғары деңгейде болуы. Әжетханалар толығымен сенсорлы технологиямен жабдықталған. Қол жуғышы мен унитаздан бастап, ішкі жабдықтардың барлығы жанасусыз жұмыс істейді.
Жобаның жетекшісі Мақсат Әлихановтың айтуынша, толықтай сенсорлы шешім пайдаланушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін таңдалған.
«Гигиена біздің басты қағидамыз. Сол себепті ішкі жабдықтардың бәрін сенсорлы етіп жасадық. Қол жуғыштан бастап унитазға дейін ештеңеге қол тигізудің қажеті жоқ, бұл ма, бұл тазалықты қамтамасыз етеді», – дейді ол.
Қазір Шымкентте осындай бес смарт-әжетхана жұмыс істеп тұр. Олар ауаны автоматты түрде тазалау жүйесімен, жуынатын арнайы бөлмелермен және нәрестелерге арналған үстелдермен жабдықталған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы тұрғындары қалада қоғамдық әжетханалардың аздығына және олардың жабық тұратынына жиі шағымданған еді. Бюджет есебінен орнатылған құрылымдардың көпшілігі жабық тұрғандықтан, санитарлық жағдай мен қолжетімділік мәселесі шешімін таппай келеді.

