Шымкентте жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, әдеби орта қалыптастыруға бағытталған «Кітап TIME» жобасы қорытындыланды. Қаладағы тоғыз кітап клубын бір алаңға біріктірген бастама оқырман мәдениетін дамытудың заманауи үлгісін көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар саясаты басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде жүзеге асырылды. «Серпіліс» қоғамдық қоры ұйымдастырған қорытынды шара №2 Оқушылар сарайында «Кітап түні» фестивалі форматында өтті.
Фестивальдің басты ерекшелігі – әдебиетті тек кітап оқумен шектемей, оны музыкамен, театрмен және еркін пікір алмасумен ұштастыруы. Қатысушылар Төлеген Айбергенов пен Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын талқылап, ақындардың өлеңдеріндегі адамгершілік, туған жер, махаббат пен рух еркіндігі тақырыптарына тоқталды. Әдеби кездесулер мен музыкалық қойылымдар жастарға поэзияны жаңа қырынан қабылдауға мүмкіндік берді.
Бүгінгі цифрлық ортада жастар ақпаратты көбіне қысқа бейнеролик пен әлеуметтік желіден алады. Мұндай жағдайда кітапқа қызығушылықты бұрынғы тәсілмен ғана арттыру қиын. «Кітап TIME» осы қажеттілікке жауап беріп, оқуды ортақ талқылауға, шығармашылық байланысқа және мазмұнды демалысқа айналдырып отыр.
Кітап клубтарының маңызы да осында. Жас оқырман шығарманы жалғыз оқып қоймай, өз ойын ортаға салып, өзгенің пікірін тыңдайды. Пікірталас барысында сөздік қоры молайып, ойды жүйелі жеткізу, дәлел келтіру және қарсы көзқарасты құрметтеу қабілеті қалыптасады. Мұндай орта болашақ журналист, ұстаз, жазушы және қоғам белсенділерінің қалыптасуына ықпал етеді.
Шара соңында Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов клубтардың белсенді мүшелерін марапаттады. Бұл жастардың қоғамдық және рухани бастамасына берілген қолдау саналады.
Ендігі міндет – тоғыз клубтың байланысын бір фестивальмен шектемей, жыл бойы жалғастыру. Авторлармен кездесулер, кітап алмасу, әдеби подкаст, мобильді кітапхана және жас қаламгерлер байқауы ұйымдастырылса, жоба ауқымы кеңейеді. Кітапты жастар өмірінің күнделікті бөлігіне айналдыру – білімді, ойы еркін және ұлттық әдебиетті бағалайтын ұрпақ тәрбиелеудің сенімді жолы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







