Шымкенттің халықаралық байланысы кеңейіп, шетелдік қалалармен экономикалық, мәдени және туристік ынтымақтастықты дамыту жұмысы күшейіп келеді. Жыл басынан бері мегаполиске 14 мемлекеттің елшілері мен бас консулдары жұмыс сапарымен келген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың мәліметінше, дипломатиялық өкілдермен өткен кездесулерде өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланған. Тараптар туризм, кәсіпкерлік, инвестиция, білім, мәдениет және шығармашылық индустрия саласындағы байланысты дамытуға назар аударды.
Шымкент шетелдің төрт қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнату жөнінде келісімге қол жеткізді. Олардың қатарында Пәкістанның Фейсалабад, Грузияның Кутаиси, Венгрияның Дебрецен және Ресейдің Пермь қалалары бар.
Бауырластық қатынас ресми хат алмасумен ғана шектелмеуі керек. Мұндай әріптестік қалалар арасында тәжірибе алмасуға, бірлескен мәдени іс-шара ұйымдастыруға, кәсіпкерлер мен шығармашылық өкілдерінің тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік береді.
Фейсалабад тоқыма өндірісі мен саудасы дамыған ірі орталық ретінде Шымкент кәсіпкерлері үшін қызықты бағыт саналады. Кутаисимен әріптестік тарихи туризм, мәдени мұра және қонақжайлық саласындағы тәжірибе алмасуға жол ашады.
Жаңа әріптестік Шымкенттің туристік әлеуетін шетелде танытуға да ықпал етеді. Қалалар арасында туристік ақпарат алмасу, таныстыру сапарларын өткізу және ортақ маршруттарды насихаттау арқылы мегаполиске келетін шетелдік қонақ санын арттыруға болады.
Халықаралық байланыс креативті индустрия өкілдеріне де жаңа мүмкіндік береді. Шымкенттік дизайнерлер, қолөнершілер, суретшілер мен мәдени ұжымдар шетелдік көрме, фестиваль және шығармашылық жобаға қатыса алады. Өз кезегінде бауырлас қалалардың өнер иелерін Шымкентке шақыру мәдени ортаны байыта түседі.
Он төрт мемлекеттің дипломатиялық өкілдерінің Шымкентке келуі қаланың халықаралық деңгейдегі маңызы артып келе жатқанын аңғартады. Ендігі міндет – келісімдерді нақты жобаға айналдырып, оның нәтижесін қала экономикасы мен тұрғындардың мүмкіндігін кеңейтуге бағыттау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







