«Ақтау теңіз порты» АЭА қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылып, мүмкіндіктері кеңейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір экономикасына жаңа серпін
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағы мен даму бағыттары кеңейтілді.
– Президенттің сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында арнайы экономикалық аймақ өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудағы негізгі орталық болуы тиіс екені атап өтілген. Осыған байланысты АЭА-ның қызмет ету мерзімі 2028 жылдан 2053 жылға дейін ұзартылды, – деді «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ басқарма төрағасы Мүбәрак Төлегенов.
Мемлекет басшысының мультимодальды хабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Ақтау халықаралық әуежайы да арнайы экономикалық аймақ құрамына енгізілді.

Сонымен қатар, өңірдің көлік-логистикалық, туристік әлеуетін және өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Туризм және спорт министрліктерінің, сондай-ақ облыс әкімдігінің қолдауымен АЭА аумағы кеңейтілді. Құрамына Ақтау қаласы, Жаңаөзен қаласының өнеркәсіптік аймағы, «Саржа» теңіз терминалы және Кендірлі курорттық аймағының бірінші кезеңі қосылды.
Жаңа шешімдер қандай пайда әкеледі?
Нәтижесінде арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 9,8 мың гектарға дейін ұлғайып, индустриялық, порттық, логистикалық және туристік бағыттарды қамтитын 15 қосалқы аймаққа бөлінді.
Бұдан бөлек, отандық тауар өндірушілерді қолдау және жаңа өндірістерді орналастыру мақсатында АЭА құрамына қосымша 17 мың гектар жер учаскесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта аймақ аумағын 26,6 мың гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, АЭА-ның басым қызмет түрлері тізімі кеңейтіліп, оған кемелер мен қайықтарды жөндеу, киім, жиһаз және ағаш бұйымдары өндірісі сияқты 23 жаңа қызмет түрі енгізілді.
Қабылданған шешімдер Каспий жағалауындағы теңіз инфрақұрылымын дамытуға, порт операцияларының тиімділігін арттыруға, логистиканы күшейтуге және арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

