Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрестің жаңа кешенді жоспары бекітілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
2026-2028 жылдарға арналған стратегиялық құжат жастарды қорғау, цифрлық трансформацияны күшейту және есірткі тарату желілерін түбегейлі жоюға бағытталған.
Жаңа жоспар аясында еліміздегі есірткіге қарсы күресте технологиялық серпіліс жасалады. Атап айтқанда, жасанды интеллект деректерді талдап, қылмыстық іздерді анықтау мақсатында қолданылады. Бұған қоса газ талдағыш құрылғылармен жабдықталған дрондар іске қосылады, ал күдіктілердің «цифрлық ізі» бойынша арнайы дерекқор жасалады.
Қоғамдық қауіпсіздікке арналған іс-шараларда да бірқатар жаңалық енгізілмек. Наркоскрининг ережелері жаңартылып, жастар мен жасөспірімдер ортасында «спайкингке» (сусынға немесе тағамға есірткі қосу) қарсы күрес күшейтіледі. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен азаматтарға арнайы ынталандыру механизмі қарастырылмақ.
Сонымен қатар, қаржылық бақылау күшейтіледі. Криптовалюта арқылы жүргізілетін транзакциялар ерекше назарға алынып, қаржылық тексерістермен қатар жүретін қосымша тергеу жүргізіледі.
Жаңа жоспар ашықтыққа да басымдық береді. Аймақ әкімдіктерінің есірткімен күрестегі тиімділігін бағалайтын арнайы рейтинг енгізіліп, заттай айғақтар қоймалары толық цифрландырылады.
Айта кету керек, 2023-2025 жылдарға арналған қазіргі қолданыстағы кешенді жоспар өз нәтижесін көрсетіп үлгерді. Соңғы екі жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көрсеткіші 3 есеге (382 келіден 1,2 тоннаға дейін) артты. Бұған қоса есірткіні насихаттайтын сайттарды бұғаттау көлемі 4 есеге (2,6 мыңнан 9,2 мыңға дейін) көбейді. Ал сот сараптамасының мерзімі бір айдан бір күнге дейін қысқарған.
2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар 7 негізгі бөлім мен 106 тармақтан тұрады. Қажетті қаражат республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінбек.
Алматы қаласында да есірткі саудасына қарсы күрес күшейіп тұр.

