Мектеп – əр баланың білім алып, достар тауып, тұлға болып қалыптасатын ортасы. Алайда кейбір оқушылар үшін мектепке бару жағымды емес. Себебі олар сыныптастарының мазағына қалып, күнделікті қысым көреді. Біреудің сырт келбетін келемеждеу, киіміне күлу, қорқыту немесе ортадан шеттету – мұның барлығы буллингтің көрінісі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір жасөспірімдер арасындағы буллинг тек мектепте ғана емес, əлеуметтік желілерде де кездеседі. Кейбір балалар біреуді мазақ етіп қана қоймай, оны видеоға түсіріп, интернетке таратады. Өкінішке қарай, мұндай əрекеттерді кейбіреулер жай əзіл деп қабылдайды. Бірақ бір адамға күлкі болған нəрсе екінші адамға ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан бұл мəселеге немқұрайлы қарауға болмайды.
Буллинг неден басталады?
Буллинг – бір адамды əдейі жəне бірнеше рет қорлау, кемсіту немесе оған күш көрсету. Оның қарапайым жанжалдан айырмашылығы – үнемі қайталанып отыруы жəне жəбірлеуші мен жəбірленуші арасындағы күш теңсіздігі.
Жасөспірімдердің қатыгездікке баруына əртүрлі себеп бар. Соның бірі – отбасындағы тəрбие. Егер бала үйде үнемі дөрекілік пен ұрыс-керісті көріп өссе, мұндай қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Дегенмен буллингтің себебін тек отбасынан іздеу дұрыс емес. Оған достарының ықпалы, мектептегі орта жəне өзін өзгелерге дəлелдеуге деген ұмтылыс та əсер етеді.
Кейбір балалар сыныптастарының алдында бедел жинау үшін басқаларды мазақ етеді. Ал кейбірі достарының ықпалына түсіп, көпшіліктен бөлінбеу үшін біреуді қорлауға қосылады. Бірақ өзгені кемсіту адамды мықты етпейді. Нағыз сыйластық біреуді төмендету арқылы қалыптаспайды.
Буллингтің бала психологиясына əсері қандай?
Үнемі қорлық көрген бала бірте-бірте тұйықталып, өзіне деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Бұрын белсенді болған оқушы сабаққа қатысудан, достарымен сөйлесуден қашқақтай бастайды. Кейбір балалар мектепке барудан қорқады. Мұндай жағдай олардың оқу үлгеріміне де, адамдармен қарым-қатынасына да кері əсер етеді.
Буллингке куə болған оқушылардың да жауапкершілігі бар. Көпшілігі «маған тиіспесе болды» деп үнсіз қалады. Алайда мұндай үнсіздік мəселенің жалғасуына əсер етуі мүмкін. Егер біреудің қорлық көріп жүргенін байқасақ, оны жалғыз қалдырмай, мұғалімге немесе ата-анаға айтуымыз керек.
Буллинг жасаған бала жауапқа тартыла ма?
Қазақстанда буллинг пен кибербуллинг үшін əкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабына сəйкес, алғашқы жағдайда ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Қайталанған жағдайда айыппұл 30 АЕК-ке дейін өседі. Ал 12–16 жас аралығындағы жасөспірім буллинг жасаса, оның ата-анасы немесе заңды өкілдері жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Дегенмен мəселені тек айыппұлмен шешу мүмкін емес. Себебі баланың мінез-құлқын өзгерту үшін оған өз əрекетінің салдарын түсіндіру де маңызды.
Буллингті қалай тоқтатамыз?
Бұл мəселенің шешімі ең алдымен отбасындағы тəрбиеден басталады. Ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оның мəселелеріне көңіл бөлуі қажет. Бала өз қиындықтарын қорықпай айта алуы керек. Ал мектеп мұғалімдері оқушылар арасындағы қарым-қатынасты бақылап, қорлау жағдайларына бейжай қарамауы тиіс.
Сонымен қатар əр оқушы өзгені құрметтеуді үйренуі керек. Біреудің сырт келбеті, мінезі немесе киімі оны мазақ етуге себеп болмауы тиіс.
Қорытындылай келе, буллинг – тек мектептің емес, бүкіл қоғамның мəселесі. Əр бала өзін қауіпсіз сезініп, өзгелерден қорықпай білім алуға құқылы. Қатыгездікті тоқтату үшін тек заң мен жаза жеткіліксіз. Ең бастысы – балаларға дұрыс тəрбие беріп, мейірімділік пен сыйластықты үйрету. Өйткені біреуге көрсетілген қарапайым қолдаудың өзі үлкен өзгеріске себеп болуы мүмкін.
Ақерке Сайлаухан
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







