Технология қарыштап, ақпараттық манипуляция белең алған шақта дәстүрлі журналистиканың талаптары түбегейлі өзгерді. Ендігі жерде болашақ тілшілерге тек мәтін жазуды емес, жаңа медиа құралдарын меңгеруді де үйрету маңызды. Бұл мәселелер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтіп жатқан халықаралық симпозиумның өзегіне айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдағы жылдары бұл мамандық қандай бағытқа бет бұрады және жаңа жағдайда сұранысқа ие болуы үшін болашақ мамандарға нені үйрету керек? Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқан «Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды дамыту жолындағы медиа білім беру мен ғылымның трансформациясы» атты халықаралық симпозиумның қатысушылары пікір алмасуда.
Айтулы шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Франция, Филиппин және Тайвань елдерінен келген сарапшылар мен ғалымдар жиналды. Симпозиумды ҚазҰУ, Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік бюросы және Азия медиа, ақпарат және коммуникация орталығы (AMIC) бірлесе ұйымдастырды.
«Біздің басты мақсатымыз – университеттің ғылыми әлеуетін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде ақпараттық қоғам қалыптастыру мен медиасаланы жаңғыртуға тиімді пайдалану», – деді симпозиумды ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов.
Жаһандық сын-қатерлер мен жаңа талаптар
Журналистік білім беру жөніндегі Дүниежүзілік кеңестің басқарушы комитетінің төрағасы, Париж-Дофин университетіндегі Тәжірибелік журналистика институтының директоры Паскаль Гене баяндамасында журналистік білім берудің жаһандық сын-қатерлеріне назар аударды. Негізгі бағыттардың қатарында – жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл, этикалық нормаларды сақтай отырып жасанды интеллектіні енгізу, баспасөз бостандығын қорғау және тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамыту бар.
Білім беру бағдарламаларын мамандық талаптарына сай қалай қайта құру керектігі туралы AMIC бас хатшысы Рамон Р. Туазон сөз қозғады. Ол білімді жеткізумен қатар, нақты құзыреттер мен нәтижелерге негізделген оқыту тұжырымдамасын таныстырды. Бұл тәсіл бойынша бағдарлама түлектің қандай дағдылар мен кәсіби қасиеттерге ие болуы керектігіне қарай құрылады.
Өңірлік ынтымақтастық пен ортақ бастамалар
Азиядағы журналистік білім беруді дамыту мәселелерін Филиппин университетінің профессоры, «Media Asia» журналының бас редакторы Данило Арао қарастырды. ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, Еуразиялық медиа және коммуникацияларды зерттеу орталығының директоры Қарлыға Мысаева Орталық Азиядағы журналистік білім берудің жай-күйіне талдау жасап, 2025 жылы жүргізілген салыстырмалы зерттеудің нәтижелерін көрсетті.
Симпозиумның екінші күні журналистік білім берудің ортақ құзыреттерін, оқу бағдарламаларын жаңарту бағыттарын және Орталық Азияда медиа, коммуникация және журналистік білім беру қауымдастығын (AMCJECA) құру бастамасын талқылауға арналады.
Кездесу қорытындысы бойынша өңірлік ынтымақтастықты дамыту және білім беру бағдарламаларын жаңғырту жөнінде ұсыныстар әзірлеу жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







