АҚШ-та табысы төмен азаматтардың Трампқа деген сенімі рекордтық деңгейге дейін төмендеген, деп жазады Ertenmedia.kz.
Newsweek журналының зерттеуіне сәйкес, жылдық табысы 50 мың доллардан аспайтын америкалықтардың тек 31 пайызы ғана Дональд Трамптың президенттік қызметін оң бағалаған.
Зерттеу нәтижесі бойынша осы әлеуметтік топтағы респонденттердің 65 пайызы Ақ үй басшысының жұмысына қанағаттанбайды, қалған 4 пайызы нақты пікірін білдірмеген. Табысы жоғары азаматтар арасында президенттің әрекетін қолдау деңгейі 40 пайызға жеткенімен, олардың 51 пайызы да президент жұмысына теріс баға берген.
Newsweek журналының жазуынша, Трамп рейтингісінің төмендеуінің басты себебі тұрғын үй бағасының қолжетімсіздігіне байланысты мәселе. Тұрғындардың тұрмыс жағдайындағы мұндай қиындықтар республикалық партияның 2026 жылы өтетін сайлаудағы жетістігіне кері әсер еткен. Енді бұл жайт Трамптың екінші президенттік мерзімінің қалған кезеңіне де көлеңке түсіруі мүмкін.
Рецессияның көлеңкесі
Зерттеу 20-22 желтоқсан аралығында шамамен 1600 америкалық салық төлеуші арасында жүргізілген. 2025 жылғы қарашадағы деректермен салыстырғанда жұмысшы тап өкілдерінің Трампқа деген сенімі айтарлықтай төмендеген. Айта кету керек, дәл осы топ 2024 жылы президент сайлауында аз ғана басымдықпен Трампты қолдап дауыс берген еді.
Президент Трамптың жаңа мерзімдегі алғашқы 100 күнінің қорытындысы бойынша оның рейтингі соңғы 80 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен болатын.
Ipsos компаниясы, ABC News телеарнасы және The Washington Post газеті бірлесіп жүргізген зерттеуде америкалықтардың 55 пайызы Ақ үй басшысының жұмысын теріс бағаласа, тек 39 пайызы ғана қолдау білдірген.
Сауалнамаға қатысқандардың 67 пайызы биржалық нарықтың құлдырауы кезіндегі Трамп әрекетін қолдамаған, 64 пайызы шетелдік тауарларға салынған баж салығына қарсы болған, 61 пайызы АҚШ-тың өзге елдерге қатысты саясатына наразылық білдірген. Сонымен қатар, респонденттердің 72 пайызы Трамп саясаты елде экономикалық рецессияны тудырады деп есептесе, 40 пайыздан астамы жеке қаржылық жағдайларының нашарлағанын айтқан.
Таяуда Дональд Трамп Венесуэлаға кіріп-шығатын санкцияға іліккен мұнай танкерлеріне қатысты «толық блокада» жариялаған болатын.

