Билік еліміздегі казино санын арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жақында қолданысқа енетін «Туристік қызмет туралы» заңға енгізілетін өзгеріске сәйкес, бұдан былай казинолар тек Бурабай мен Қапшағайда ғана емес, басқа бірнеше өңірде де ашылуы мүмкін.
Министрдің айтуынша, жаңа ойын аймақтары Маңғыстау облысындағы Каспий жағалауында, Жетісу облысындағы Алакөл жағасында, Алматы облысының Талғар ауданында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл мен Зайсан ауданында ашылады деп жоспарланған.
Жергілікті тұрғындар казиноның елдімекендерге жақын орналасуынан және құмар ойынға тәуелді азаматтар санының өсуінен қауіптенеді.
Министр осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.
«Үкімет ойын аймақтарының орналасатын өңірін ғана белгілейді, ал нақты қай жерге орналастыратынын жергілікті әкімдіктер шешеді. Орналасу орны инфрақұрылым мен туристік әлеуетке байланысты анықталады. Әрбір жаңа казино бюджетке жыл сайын екі-үш миллиард теңге салық түсіріп, 500-дей жаңа жұмыс орнын ашады. Бұл әлемдік тәжірибе, әрі туризмді дамыту мақсатында жүзеге асып отыр», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің пікірінше, жаңа казинолар елге келетін туристердің санын арттыруға септігін тигізеді.
Айта кетелік, осыған дейін депутат Базарбек Қазақстандағы ойын бизнесі Кремлев дейтін Ресей агентінің қолына өтіп кеткенін мәлімдеген еді.

