Белгілі режиссер Ақан Сатаев бұрынғы жұбайы Назира Бақаеваның сұхбатынан кейін ажырасуға қатысты түрлі қауесет әңгімелер қатысты жауап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өз мәлімдемесінде режиссер жеке өмірінің жария түрде талқылануына түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Алайда Назираның күтпеген сұхбатынан кейін әлеуметтік желілерде тараған негізсіз сөздердің әсерінен, әсіресе балаларға қатысты қысымның күшеюіне байланысты пікір білдіруге мәжбүр болғанын айтты.
– Мен үшін жеке өмірдің жеке болып қалғаны дұрыс. Дегенмен бұрынғы жұбайым Назира тарапынан жасалған күтпеген мәлімдемелер балаларымның жағдайына кері әсерін тигізгендіктен, ресми түрде пікірімді білдіруім қажет болды, – дейді режиссер.
Жеке өмірдің сызығы
Сатаев өздерінің ажырасуы тек некенің ресми бұзылуымен емес, оған дейін қалыптасқан жеке мәселелермен байланысты екенін нақтылап өтті. Режиссердің айтуынша, олардың ажырасуына ешқандай үшінші адамның қатысы болмаған. «Біздің арамызда пайда болған мәселелер әлдеқайда бұрын шешіліп қойған. Назира ешқашан үшінші біреуді себеп етіп көрсеткен жоқ. Ажырасуымыздың себебі тек өзіміздің жеке келіспеушіліктерімізге байланысты. Оның ішінде Альмира да бұл мәселеге қатысы жоқ» деп атап өтті ол.
Балалардың тәрбиесі мен тұрмыс жағдайына қатысты мәселелер ортақ талқылаудан өтіп, алдын ала келісім бойынша шешілгенін айтқан режиссер бұрынғы жұбайына да лайықты қолдау көрсеткенін жеткізді.
– Балалардың тұрмыстық жағдайы мен қарым-қатынас мәселелерін алдын ала өзара ақылдасып шештік. Назираға бірнеше мәрте балалармен бірге бұрынғы үйде қалуды ұсындым, бірақ ол бөлек тұруды таңдады. Оның қалауымен үш бөлмелі пәтер сатып алып, жеке меншігіне бердім, автокөлікті де қалдырдым. Сондай-ақ материалдық қолдау әлі күнге дейін жалғасып келеді, – деп жазды режиссер өз парақшасында.
Қазіргі уақытта балалар әкелерімен бірге тұрып жатыр, алайда олардың анасы Назирамен қарым-қатынасына ешқандай шектеу қойылмаған. Режиссер балалардың анасымен кездесіп тұруына ешқашан қарсылық білдірмегенін де атап өтті.
Сонымен қатар Ақан Сатаев ажырасқаннан кейін төрт жыл өткен соң Альмирамен ресми түрде отбасы құрғанын ашық мәлімдеді. «Жаңа некеге тұру туралы шешімді балаларымыз бен жақындарымыздың келісімі бойынша қабылдадық», – деді ол.
Қазір Альмира мен оның ұлы режиссердің отбасымен бірге бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Сатаевтың айтуынша, олардың арасында өзара сыйластық пен толық түсіністік орнаған. Ал сценарий жазудағы «бірлескен авторлық» мәселесіне тоқталған режиссер туыстарының пікірлері мен кеңестері тек ұсыныс деңгейінде ғана қабылданатынын айтты.
Жазбасының соңында режиссер осы мәлімдемені соңғы пікір ретінде қабылдап, мәселені әрі қарай талқылауға ниетті емес екенін нақтылады. «Осы түсініктеме жеткілікті деп ойлаймын. Баршаңызға Жаңа жылдарыңыз берекелі, қуанышқа толы болсын!» деп түйіндеді Ақан Сатаев.
Осыдан біршама уақыт бұрын танымал әнші қазақ тілінде сөйлемейтіндерге айыппұл салуды ұсынып, елді елең еткізген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

